ҚМГ жаңалықтары

23.12.2021

KAZENERGY және ҚМГ сала ардагерлеріне құрмет көрсетті

Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойын мерекелеу құрметіне KAZENERGY қауымдастығы мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мұнай-газ саласының ардагерлерімен – ел экономикасының жетекші секторын қалыптастырудың алдыңғы қатарында болған адамдармен салтанатты кездесу өткізді.  

Жаңа этика бойынша іс-шараны ұйымдастырушылар қонақтарға құрметі пен ізетін білдіре отырып, Covid-19-ға экспресс-тестілеу үшін «Мейiрiм» медициналық орталығының мамандарын шақырды. Қонақтар түсіністікпен қабылдап, бәрі де ойдағыдай тез және тиімді өтті.

Кешті ашқан KAZENERGY төрағасы Тимур Күлібаев мұнайшылардың аға ұрпағына көп жылғы жасампаз еңбектері үшін алғыс айтты.

«Біз барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздегі қазақстандық мұнайшылар мен газшылардың – геолог, бұрғылаушы, инженер, технолог, басқа да мамандық өкілдерінің, өз өмірін отандық мұнай-газ кешенімен байланыстырып, таңдаған ісіне қалтқысыз берілген, ұлттық игілікке айналған мұнай-газ жобаларын отыз жыл бойы жасап және дамытып келген адамдардың салмақты үлесін атап өтеміз», - деді Қауымдастық басшысы.

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресустар министрі Серікқали Брекешев те ардагерлерге өз құрметтері мен алғыстарын білдіріп, мұнай-газ нарығының ағымдағы ахуалы мен даму келешегі туралы, өңірлердің экологиясын сақтау, көміртегі бейтараптылығына жету жолдары жөнінде баяндап берді.

Жиналғандардың алдында сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» басқармасының төрағасы Алик Айдарбаев ардагерлерді құттықтап сөз сөйлеп, ұлттық компанияның ағымдағы қызметі, жетістіктері мен одан әрі қарайғы өндірістік жоспарлары туралы әңгімеледі.

 «Тәуелсіздік жылдарында біздің компаниямыз елеулі табыстарға жетті. Жаңа салалар құрылды, өмірдің барлық бағыттары бойынша  заманауи инфрақұрылым қалыптастырылды. Отандық экономиканың локомотиві және Қазақстан халқының әл-ауқатының мықты іргетасы болып табылатын мұнай-газ кешені қуатты даму күшін алды. Бұның көбі сіздердің қызметтеріңіздің жемісі. Сіздердің көп жылғы тәжірибелеріңіз, жоғары кәсіби шеберліктеріңіз, жанкешті еңбектіріңіз бен іске берілгендіктеріңіз мұнайшылардың қазіргі буыны үшін лайықты үлгі болып табылады. Сіздер негізін қалаған дәстүрлер жас мамандар үшін мықты тірекке айналды, оларды жаңа жеңістер мен жетістіктерге шабыттандырады», - деп атап өтті ҚМГ басшысы  сала ардагерлеріне арнаған сөзінде.

Өз кезегінде KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин мұнай-газ кешені ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі қызметінің нәтижелерімен бөлісті және сала кәсіпорындарымен өзара белсенді  әрекеттесу жөнінде айтып берді:

«Бірлестіктің қызметі бүгінде үш бағытта шоғырландырылған. Біріншіден, біз ардагерлердің кәсіби білімін, тәжірибесін сала кәсіпорындарының күнделікті өндірістік, техникалық, технологиялық проблемаларын шешуге бағыттауға тырысамыз. Бұл бағытта біз мүдделі ұйымдар тарапынан оң пікірге кезігіп отырмыз. Біз ашықтық бойынша көп жұмыс атқарудамыз. Бағыттардың тағы бірі – елдің мұнай-газ саласын дамытуда орасан зор жұмыс атқарған ардагелеріміздің білімдерін тарату және еңбектерін жадымызда сақтау. Және үшінші бағыт – тәрбие және тәжірибені жаңа ұрпаққа беруге дайындық: мұнай-газ саласы үшін мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында ардагерлердің жастармен кездесулері».

KAZENERGY бас директоры Кенжебек Ибрашев өз сөзінде мұнай-газ саласының Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішіндегі дамуына арналған кітаппен және фильммен таныстырды:

«Бүгінде көбісі осы залда отырған сарапшылар мен ардагерлердің қолдауымен «Қазақстанның мұнайы мен газы. 30 жыл тәуелсіздік. Жасампаздық жолдары» кітабы жарыққа шықты. Кітаппен қоса, тәуелсіздіктің мерейтойына орай саланың дамуына арналған «Жер қойнауы арқылы шыңдарға» атты 5 сериялы деректі фильм дайындалды. Бұл жобалар өте маңызды – олар біздерге емес, қазақстандықтардың жас, келешек ұрпағына бағытталған және саланың қалыптасуы туралы нақты, тікелей жеткізілген тарихты баяндайды».

Кеш ардагерлерге салалық марапаттар тапсыру салтанатымен аяқталды.