ҚМГ жаңалықтары

08.10.2021

«Petromidia» МӨЗ-і жөндеуден кейін өз жұмысын қайта бастады

«Petromidia» мұнай өңдеу зауыты осы жылдың 2-ші шілдесінде болған оқиғадан кейін өз жұмысын қайта бастады. Қазанның 7-сі қондырғылардың өнімділігі тәулігіне 12,7 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Қыркүйектің соңында қауіпсіздік шаралары барынша қамтамасыз етіліп, зауыт қызметін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды.

Жөндеу кестесі ауқымды жұмыс көлемін қамтыды: құбырлар тексеруден өтіп, жөнделді, оның біраз бөлігі ауыстырылды, қажетті жабдық қалпына келтірілді.

Бақылау-өлшеу жабдықтары және автоматика ауыстырылды, әрбір қондырғыда пайдалану қауіпсіздігімен байланысты барлық элементтер мен құралдарға тексеру жүргізілді. Зауыттың өндірістік персоналы қайта даярлау мен қайта аттестаттаудан өтті.

Жұмыстар барысына 20-дан астам компания жұмылдырылды, ал қондырғыларды қайта қосуға атсалысқан жалпы адам саны 1000-ға жуықты құрады («Rompetrol Rafinare», «Rominserv» қызметкерлері және мердігер компаниялардың мамандары).

Апат кезінде ең көп зақымданған дизель отынын гидротазалау қондырғысының жөндеу жұмыстары 2022 жылдың сәуірінде аяқталады.

Мұнай өңдеу зауыты тоқтап қалған кезде KMG International N.V. өңірдегі ең ірі мұнай өнімдерін жеткізушілердің бірі болып қала беріп, Румыния және Қара теңіз өңіріндегі Rompetrol станцияларына отын жеткізуді жалғастырды.

«Petromidia» – бұлРумыниядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты және Қара, Жерорта теңіздері аумағындағы ең заманауи кәсіпорындарының бірі. KMG International N.V. тобы құрамына кіреді («ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 100% еншілес кәсіпорны).