ҚМГ жаңалықтары

21.07.2021

Полипропилен өндіретін зауыт «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нен электр қуатын алды

Шілденің 16 күні Атырау облысындағы біріктірілген газ-химия кешені «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нен кернеуі 110 кВт басты төмендеткіш қосалқы стансасына электр қуатын алды. Еске сала кетейік, іске қосу алдындағы және іске қосу-реттеу жұмыстарын, сондай-ақ газ-химиялық кешеннің өнеркәсіптік пайдалануын ұйымдастыру мақсатында ол қажетті энергия ресурстарымен толық әрі уақытылы қамтамасыз етілуі тиіс.

Бас инженердің өндірісті қолдау жөніндегі орынбасары Рахметолла Қапанов атап өткендей, бүгінгі таңда тестілік өлшеулер жүргізілуде. Содан кейін ол 72 сағат бойы тағы да тексерілетін болады. Қазіргі уақытта жабдық қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, KPI («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.») жобасы операторының персоналы толық жасақталды. Құрылыстың бас мердігері – CNCEC компаниясымен бірге мониторинг жүргізіліп, кезекшілік жұмыстары атқарылып жатыр.

«Сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін электр қуаты екінші трансформаторға беріледі. Ол да 72 сағаттық тексеруден өткеннен кейін, зауыт электр қуатын қабылдады деп саналады. Ендігі міндет динамикалық және басқа да жабдықтарды жеке-жеке сынақтар өткізу үшін қосалқы стансадан берілетін электр энергиясын барлық кешенге тарату болып табылады», - деді Р. Қапанов.

Осылайша, кешенде іске-қосу-реттеу жұмыстарының басталуына алғашқы қадам жасалды деп айтуға болады.