ҚМГ жаңалықтары

12.02.2021

«ҚазМұнайГаз» 2020 жылы отандық тауар өндірушілерге 165 млрд теңгеге қолдау көрсетті

2021 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен отандық өндірушілерді қолдау бойынша «Samruk Business Forum» онлайн форумы (бұдан әрі – Форум) өтті. Сондай-ақ Форумға «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Ахметжан Есімов, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, бизнес қауымдастықтың өкілдері және басқалар қатысты.

Форум барысында ҚМГ еншілес кәсіпорны «Oil Service Company» ЖШС мен «EPSILON GROUP» ЖШС компаниясы 494 млн теңге сомасына оффтейк-шартына қол қойды. Құжат «Oil Service Company» ЖШС өндірістік қажеттіліктеріне сәйкес кальций хлоридін сатып алуды көздейді.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау ҚМГ стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл әсіресе, пандемия және шетелдік нарықтардағы протекционизм сияқты сыртқы сын-тегеуріндер заманында ерекше өзектілікке ие. Оффтейк-шартының тетігі импортты алмастыратын жаңа өндірістерді құра отырып, ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді. Жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, олардың санын көбейтуге мүмкіндік береді.

«Біз отандық тауар өндірушілерді қолдаудың нақты әрекеттерін қамтитын іс-шаралар жоспарын әзірледік. Еншілес ұйымдарға сатып алуды барынша қазақстандық тауар өндірушілер арасында өткізу тапсырылды. Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттарына отандық өндірістің тауарларын сатып алу талаптары енгізілді. Бұдан бөлек, «қарапайым заттар экономикасы» тауарлары бойынша импорттық өнімдерді сатып алуға тыйым салынды, – деп атап өтті ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев.

Сонымен қатар, А. Айдарбаев 2020 жылы ҚМГ «Самұрық-Қазына» АҚ Жаңа өндірістерді ашуға жәрдемдесу бағдарламасын іске асыру аясында 13,6 млрд теңге сомасына импортты алмастырушы жобаларды жүзеге асырып жатқан отандық тауар өндірушілермен 40 оффтэйк-шарты мен 2 меморандум жасағанын айтты. ҚМГ-ның отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі қабылдаған шаралары 23 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап, шамамен 1600 жаңа жұмыс орындарын ашты.

«Қазіргі уақытта Үкіметтің және «Самұрық-Қазына» қорының қазақстандық тауар өндірушілердің тұрақты дамуына жағдай жасау бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқанын көріп отырмыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесі де жемісін беруде. Компаниямыз жаңа өндірістерді құру тізіміне енгізілді. Енді бізге шамамен 500 млн теңге сомасына оффтейк-шартына отыру мүмкіндігі беріліп отыр», – деді «EPSILON GROUP» ЖШС бас директорының орынбасары Тимур Өмірзақов.

Ұлттық компания отандық тауар өндірушлерге қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударатыны аталып өтті. Айталық, 2020 жылы ҚМГ отандық тауар өндірушілермен 165 млрд теңгеге шарттар жасасты. Кезең-кезеңімен жүргізіліп отырған жұмыстың арқасында тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 71%-ды құраса, бұл көрсеткіш көрсетілетін қызметтер мен жұмыстар бойынша 86%-ға жетті.