ҚМГ жаңалықтары

21.01.2021

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) 2020 жылы атқарған жұмысын қорытындылады.

Жиналыс барысында өткен жылы қиындықтарға қарамастан, ҚМГ компаниялар тобында тұрақтылық сақталып, өндірістік процестердің тоқтап қалуына жол берілмегені, қаржылық тұрақтылық қамтамасыз етілгені және басым жобалардың іске асырылуы жалғасын тапқаны атап өтілді.

«Өткен жылдың ең маңызды міндеттерінің бірі – «ҚазМұнайГаз» тобының қаржылық тұрақтылығын арттыру болды. Меніңше, біз жүктелген міндетті ойдағыдай орындап шықтық. Сырттан қарыз тартқан жоқпыз, мемлекеттен де қарыз сұрамадық, бұрыннан жинап келе жатқан қаражатты сақтап қалдық. Компания былтыр бос ақша ағынын қалыптастыра алды. Бұл қарызды азайтуға мүмкіндік берді. Соның арқасында акционерлерімізге 2019 жылға дивиденд төлеп, өз міндеттемелерімізді орындадық. Бұл «ҚазМұнайГаз» тарихында ең қомақты дивиденд төлемі болды», – деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.

2019 жылға барлығы 82 млрд теңге дивиденд төленді. Компанияның 2020 жылғы салықтары мен басқа да төлемдері 1,2 трлн теңгені құрады.

2020 жылдың қолданыстағы кепілдіктерін есепке алғанда, ҚМГ компаниялар тобының қарызы 472 млн АҚШ долларына азайды. Соның ішінде мерзімінен бұрын өтелген қарыз да бар. Сонымен қатар, бірлескен кәсіпорындар деңгейіндегі қарыздың 1,1 млрд АҚШ долларынан астам сомаға төмендегені байқалады, осы қаражаттың жартысынан көбі ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясына тиесілі. ҚМГ еурооблигациялары 907 млн АҚШ долларына табысты қайта қаржыландырылды, бұл қарызды қомақты біржолғы төлемдерімен өтеу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Ендігі қомақты төлем тек 2025 жылы жүргізіледі. Компания Moody’s, Fitch және S&P агенттіктері берген кредиттік рейтингтердің төмендеуіне жол бермеді.

Компанияның өндіріс саласындағы қызметі бірқатар жетістіктермен атап өтілді. Желтоқсан айында Шығыс Өріктау кен орнында бірінші кезең аясында екі ұңғыма тәжірибелік пайдалануға берілді. Жоба табысты іске асырылған жағдайда, жоспарлы өндіру көлемі жыл сайын 1,5 млрд текше метр газ және 500 мың тонна мұнайға дейін жетуі мүмкін. Маңғыстау облысындағы Шығыс Бектұрлы барлау блогында және Атырау облысындағы С.Нұржанов кен орнында мұнай бұрқағы алынды.

Мұнай өңдеу және мұнай химиясы саласында да оң өзгерістер болды. Былтыр ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көрсеткіштері жақсарды. Үш мұнай өңдеу зауытында өңдеу тереңдігі орта есеппен 84,8%-ға дейін (ПМХЗ-да 86,3%-дан 87,2%-ға дейін, АМӨЗ-де 75%-дан 77,2%-ға дейін, ПҚОП-та 84,8%-дан 90,1%-ға дейін) ұлғайды.

Атырау облысындағы газ-химиялық кешен құрылысында да ілгерілеу бар. 2020 жылы құрылыс 53%-дан 80%-ға дейін ілгеріледі. Карантин шараларына және көлік қатынасының тоқтап қалуына қарамастан, алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының үздіксіз жүруі, шетелден жүктер мен материалдың жеткізілуі қамтамасыз етілді.

Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыс атқарылды.

Еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және ҚМГ өз қызметін жүргізетін өңірлерде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша жүргізілген кешенді жұмыстың нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес ҚМГ компаниялар тобында әлеуметтік әл-ауқат индексі 2019 жылғы 72%-дан 2020 жылы 74%-ға артты.

Шығындардың қысқаруына қарамастан, өндірістегі қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмыс тоқтамады. Қаражанбас және Асар кен орындарында жаңа жатақханалар пайдалануға берілді. Ақтөбе облысында вахталық қалашық салынды. Атырау МӨЗ-і қызметкерлеріне жаңа пәтерлер берілді.

Өткен жылы өлімге әкелген, еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалардың болмауы ҚМГ үшін маңызды жетістік болып табылады. Мұндай көрсеткішке компания алғаш рет қол жеткізіп отыр.

«Ұзақ мерзімді келешекте компания үшін еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік, парниктік газдардың шығарылуын басқару мен газды алау етіп жағуды қысқарту, су ресурстарын басқару, бүлінген жерлерді қалпына келтіру мен энергия тиімділігін арттыру, өндіріс қалдықтарын басқару мәселелері басымдыққа ие болып қала бермек», – деп түйіндеді сөзін ҚМГ басшысы А. Айдарбаев.

Осы жылы компания өз күш-жігерін шығындарды одан әрі оңтайландыруға, геологиялық барлауға инвестиция тартуға, ірі жобаларды іске асыруға және тұрақты даму мақсаттарына жетуге барынша жұмылдыруға ниетті.