«Азия газ құбыры» ЖШС (АГҚ)
«Азия газ құбыры» ЖШС «ҚазТрансГаз» АҚ пен Trans-Asia Gas Pipeline Company Ltd. (акционері – CNPC ED компаниясы, CNPC-дің еншілес кәсіпорны) компанияларының паритетті негізде құрылған бірлескен кәсіпорны болып табылады. Бірлескен кәсіпорын табиғи газды Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасынан Қытай аумағындағы «Қорғас» газ өлшеу станциясына дейін тасымалдауға арналған «Қазақстан – Қытай» газ құбырын қаржыландыру, салу және пайдалану үшін құрылды.
Жобаның мақсаты – Қытай Халық Республикасы бағытына түрікмен және өзбек газының транзитін қамтамасыз ету, Қытай Халық Республикасына қазақстандық газды экспортқа жөнелту, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлерін газбен үздіксіз қамту.
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша газ құбырының ұзындығы: «А» тармағы – 1305,84 шақырым, «В» тармағы – 1305,62 шармағы, «С» тармағы – 1 304, 131 шақырым. Газ құбырының жалпы өткізу мүмкіндігі – жылына 55 млрд текше метр (30 млрд текше метр – «А» мен «В» тармақтары, 25 млрд текше метр – «С» тармағы).
2018 жылы «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының қуатын ұлғайту («С» тармағы)» жобасының іске асырылуы аяқталды. Нәтижесінде «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбырының өнімділігі жылына 55 млрд текше метрге дейін ұлғайды.
«А» және «В» тармақтарының өнімділігін жылына 40 млрд текше метрге дейін ұлғайту мәселесі қаралып жатыр. Бұл газ құбырының жалпы өнімділігін жылына 65 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС (БШГҚ)
«Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС «ҚазТрансГаз» АҚ пен Trans-Asia Gas Pipeline Company Ltd. (акционері – CNODC компаниясы, CNPC-дің еншілес кәсіпорны) компанияларының паритетті негізде құрылған бірлескен кәсіпорны болып табылады. Жобаның Қазақстан үшін жоғары стратегиялық маңызы зор. Ол Қазақстан Республикасының отандық газды экспортқа жеткізуді әртараптандыруға мүмкіндік береді, Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, бірыңғай газ тасымалдау желісін құрайды.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры («ББШ» МГҚ) «Қазақстан-Қытай» газ құбырының екінші учаскесі іспетті. Газ құбыры еліміздің батыстағы мұнай мен табиғи газ кен орындарын оңтүстік өңірлерімен, сондай-ақ Бұхара газды өңірі – Ташкент-Бішкек-Алматы және Газли – Шымкент магистралды газ құбырлары және Орталық Азия – Қытай газ құбырының «С» тармағымен жалғайды. ГБШ-ның нақты ұзындығы – 1 454 км, ал өткізу қабілеті – жылына 10 млрд текше метр.
«ББШ» МГҚ-ның 489 шақырымынан «Сарыарқа» газ құбыры басталады. Бұл газ құбыры еліміздің орталық, солтүстік өңірлерін және ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтуға арналған.
Қазіргі уақытта «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайту жөніндегі инвестициялық жобасы іске асырылуда.
2019 жылы құбыр қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайту бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді:
- «Қорқыт-Ата», «Арал» және «Түркістан» компрессорлық станциялары пайдалануға берілді;
- 2020 жылы Бейнеу-Бозой учаскесінде «1А» төртінші компрессорлық станция пайдалануға берілді;
- техникалық-экономикалық есептеу жүргізілді, қатысушылар жобалау-сметалық құжаттаманы келісті, оған сәйкес жұмыс істеп тұрған «Бозой» компрессорлық станциясын, «Ақбұлақ» пен «Бейнеу» газ өлшеу станцияларын кеңейту көзделіп отыр.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ (ИОА)
«Интергаз Орталық Азия» АҚ 100% ҚТГ-ның еншілес кәсіпорны болып табылады. 2018 жылы ИОА магистралды газ құбыры жөніндегі ұлттық операторы мәртебесіне ие болды.
Бүгінгі таңда ИОА Қазақстанның аумағы бойынша жалпы ұзындығы 19 146,51 шақырым магистралды газ құбырларымен табиғи газды ішкі тасымалдау мен оның транзитін жүзеге асырады.
ИОА үш жерасты газ қоймасын (ЖГҚ) пайдаланады:
- Ақтөбе облысындағы Бозой ЖГҚ;
- Оңтүстік Қазақстан облысындағы Полторацкое ЖГҚ;
- Жамбыл облысындағы Ақыртөбе ЖГҚ.
ИОА қызметінің негізгі бағыттары:
- Қазақстан Республикасының ішкі нарығына газ тасымалдау;
- Түрікменстан мен Өзбекстаннан Қазақстанның аумағы бойынша Ресейге газды транзиттік тасымалдау;
- экспортқа газ тасымалдау;
- Қазақстанның аумағы арқылы Ресей Федерациясының бір жерінен екінші жеріне газды транзиттік тасымалдау;
- Ташкент қаласына өзбек газын транзиттік тасымалдау.
«Бозой» жерасты газ қоймасын реконструкциялау
Газдың әр маусымда бірдей пайдаланылмауын реттеу мақсатында және ішкі нарық мен экспортқа газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін ИОА «Бозой» жерасты газ қоймасын қайта жаңартып жатыр. Жоба аясында газдың сапасын жақсарту, оны механикалық қоспалар мен ылғалдан тазарту үшін газ құрғатудың заманауи қондырғысымен қосымша жабдықталды. Жобада көзделген жұмыстарды жүргізу газ қоймасының беріктігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ газ іріктеу мен айдаудың тәуліктік өнімділігін тәулігіне 27 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 4 млн текше метр газ сақтаудың жобалық көлеміне 2020 жылы қол жеткізіледі деп күтілуде.