«Атырау облысындағы газ-химиялық кешеннің құрылысы»
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк.)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Атырау облысындағы бірінші интеграцияланған газ-химиялық кешеннің құрылысы» (I кезең – полипропилен өндірісі) инвестициялық стратегиялық жобаның операторы болып табылады.
Орналасқан жері: Атырау қаласы.
Іске асыру мерзімі: 2008-2022 жылдар.
Қатысушылар: «Біріккен химиялық компания» ЖШС (99%), «Алмэкс Плюс Фирмасы» ЖШС (1%).
Бас мердігер: China National Chemical Engineering Co. (CNCEC, ҚХР).
Жоба туралы ақпарат
Жоба «Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында іске асырылады. Мақсаты – мұнай-химиясын өндіру кешенінде қосылған құны жоғары өнімді шығару үшін Теңіз кен орнындағы газдың ауқымды көлемін бастапқы шикізат ретінде пайдалану және кейіннен ол өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда сату.
Кешен Атырау қаласынан солтүстік-шығысына қарай 33 шақырым, Қарабатан станциясынан солтүстікке қарай 8-9 шақырым жерде орналасқан. KPI үшін зауыттың басты өткізу нарықтары Түркия мен Қытайға дейінгі ең қысқа логистикалық қашықтықта орналасқаны маңызды факторлардың бірі болып табылады. Бұл елдер әлем бойынша полипропиленнің ең ірі нетто импортерлары. Бұдан бөлек, сатып алынатын пропанның бағасы нарық бағасынан төмен болады. Сондай-ақ, пропан тасымалдау жөніндегі шығындар едәуір қысқарады, себебі зауыт Теңіз кен орнынан алыс емес.
Әлемдік аренада полимер өндіретін және сататын жаңа өндірушінің пайда болуы бірінші кезекте тұтынушылар үшін шикізат жеткізушілердің әртараптандырылуы, қосымша марка түрлерінің болуы және жеткізудің баламалы жолдарының ашылуы тұрғысынан жағымды әсер етеді.
Полипропилен өндіретін кешеннің құрылысы Атырау өңірінде саланың жоғары технологиялық басты өнімін ала отырып, мұнай-химия кластерін құру жөніндегі алғашқы кезең болып табылады.
Жоба тауарлық өнім – полипропилен шығару үшін әлемдік деңгейдегі пропанды терең өңдеудің заманауи технологияларын пайдалануды көздейді.
Кешеннің қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен. Кәсіпорында қолданылатын технология гомополимердің 64 маркасын шығаруға мүмкіндік береді. Маркалардың әрбір тобы нақты бір мақсатқа арналған, атап айтқанда, қаптамалар өндірісі, медицина саласы, автомобиль жасау, құбырлар мен оның құрамдауыштарын жасап шығару, электр техникасы, яғни халықтың күнделікті тұтынатын тауарлардың барлығында дерлік белгілі бір мөлшерде полипропилен бар.
2018 жылдың маусым айында жоба «Самұрық-Қазына» АҚ шешімімен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға сенімгерлік басқаруға берілді.
ЕРС келісімшартының құны: 1 865 млн АҚШ доллары.
Қаржыландыру: China Development Bank (ҚХР) қарызы – 2,0 млрд АҚШ доллары, соның ішіндегі пайызы – 135 млн АҚШ доллары.
Персоналы: құрылыс-монтаждау жұмыстары кезеңінде – 4 000 адамға дейін, пайдалану кезеңінде – 550 адам.
Бірегей жоба
Осындай жоғары деңгейдегі кәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет іске қосылуда.
Кешеннің бірегейлігі:
Өнімді барынша көп шығару және энергия ресурстарын ең аз көлемде пайдалана отырып, Lummus Technology компания Лицензиарынан пропанды сутексіздендіру және пропиленді полимерлеу бойынша озық технологияларды пайдалану;
Әлемдік жетекші өндірушілердің технологиялық құрал-жабдығын пайдалану;
Адами факторларды қатыстырмай, технологиялық процестерді, қоймаларды, өндірісті жоспарлауды және жөндеу жұмыстарын басқару ісіне цифрлық шешімдерді енгізу.
Мұның бәрі дайын өнімнің өзіндік құнына тиімді әсер етеді, нәтижесінде соңғы тұтынушы үшін оның құны да қолайлы болады.
Қоғам және қоршаған орта
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС жобаны іске асыру барысында қазақстандық қамтуды кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Технологиялық жағынан күрделі ірі инвестициялық жобаны іске асыру тәжірибесінде алғаш рет аса маңызды жабдықтың (пропан және пропилен сплиттері) тапсырысын жергілікті «АтырауМұнайМаш» зауытында жасап шығарды. Сонымен қатар сыйымдылықты және жылу алмасу құрал-жабдығы «Sewon Vertex» ЖШС (Ақтау) мен «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» ЖШС-де (Петропавл) жасалды. Металл конструкцияларын жеткізуді қазақстандық «Имсталькон», «Isker», «PSI-Group», «ТеміртауҚазМеханМонтаж», «БатысҚұрылысСервис», «Петропавл металл конструкциялары зауыты» және басқа да компаниялар, болат құбырларын «ArcelorMittal» (Ақтау), полиэтилен құбырларын «Шеврон Мұнайгаз Инк.» Атырау құбыр арматурасы зауыты» жүзеге асырды.
Құрылысқа арналған материалдар ұлттық тасымалдаушы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ-ның теміржол вагондарымен жеткізілді. Трансұлттық тасымалына ТШО, Қашаған, Қарашығанақ, ГТЭС, Ақтоғай тау-кен байыту кешені және басқа да ірі инвестициялық жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі бар қазақстандық логистикалық компания тартылды. Қара теңіз порттарынан Каспий теңізінің порттарына дейін ірі габариттік жабдықты теңіз арқылы тасымалдау үшін отандық ұлттық тасымалдаушы «Қазақтеңізкөлікфлоты» тартылды.
Құрылыс алаңына жұмылдырылған 36 мердігер компанияның ішінен 33-і жергілікті ұйымдар.
Зауытта жұмыс істейтін персоналды даярлау үшін жас мамандарды кәсіпорындар мен оқу орындарда оқыту және олардың тағылымдамадан өтуі жоспарланған. Бүгінде жергілікті және шетел жоғары оқу орындары және колледждермен ынтымақтастық жолға қойылған, атап айтқанда «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» ҚеАҚ, «АPЕC Petro Technic жоғары колледжі» ЖШС. Компанияның қызметкерлері білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын әзірлеуге қатысады, мемлекеттік емтихан мен диплом жұмыстарын қорғау жөніндегі аттестациялық комиссияның құрамына кіреді.
Кешен шикізаты зиянды қоспалардан тазартылған пропан болып табылатынын атап өткен жөн. Ол өндірістік тізбек бойынша пропиленге, одан әрі полипропиленге айналады. Бұл процесте күкіртті сутек, күкіртті ангидрид, хош иісті көмірсутек және басқа да қауіпті зиянды заттардың түзілуіне жол берілмейді.
Екіншіден, кешен сырттан су тұтыну бойынша өте экологиялық болып табылады. «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ның тазарту құрылыстары кешенімен бірігіп, технологиялық процестердің қажеттілігі үшін су айналымының жабық циклінің арқасында, сонымен қатар су ағындарын толығымен дерлік кәдеге жарату және оны қайтып келген су түрінде қайта пайдалану есебінен су тұтыну көлемін барынша азайту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жағдайы:
Жобаның жалпы орындалуы 98,5%-ды құрайды.
Бүгінгі таңда құрылыс алаңында жалпы құрылыс жұмыстары аяқталды. Бас мердігер құрал-жабдықты толық жеткізіп, олардың барлығын орнатып қойды.
Іске қосу-реттеу алдындағы жұмыстар жүріп жатыр: қосалқы станцияларға электр энергиясы қабылданды, су, таза ауа мен азот, табиғи газ, жоғары қысымды бу беру жұмыстары іске асырылды. Құбырлардың гидро және пневмосынақтары, айналмалы жабдықтардың жеке-жеке сынақтары жүруде. Бу коллекторлары жоғары қысымды бумен үрлеп тазартылды.
Іске-қосу реттеу жұмыстары басталды: пропанды сутексіздендіру реакторларының қаптамаларын және регенерация ауасын қыздыру пештерін алдын ала құрғату жүргізілді, газды жағу жұмыстары атқарылды, қазандық қондырғы мен теміржол инфрақұрылымы пайдалануға берілді. Шикізат резервуарларына пропан қабылданды.
Іске қосу-реттеу жұмыстарының аясында барлық технологиялық қондырғылар жүйесі мұқият тексерілуде, оларды баптау мен іске қосуға дайындық жүруде. Жобаның бұл кезеңі технологиялық реттілікті ескере отырып, қондырғылардың табысты іске қосылуын және жүйелі жұмысын қамтамасыз ететін аса маңызды болып табылады.
TAZALYQ
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) қазіргі кезде Атырау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған «TAZALYQ» жобасын іске асыруда. Жоба аясында ағынды сулармен бірге шығатын зиянды заттардың көлемін азайтуды, сондай-ақ ауаға зиянды заттардың булануын тоқтатуды көздейтін ағынды суларды тазартудың заманауи технологиялық процестерді енгізу жоспарланып отыр.
Орналасқан жері: Атырау қаласы
Іске асыру мерзімі: 2019-2023 жылдар
Қатысушылар: АМӨЗ (100%)
Мердігер ұйым: «МұнайҚұрылысСервис Лтд» ЖШС, «Центр-Котло-Сервис» ЖШС
Жоба туралы ақпарат
Жобалық шешімге сәйкес кәсіпорыннан шығатын ағынды сулар алдымен жаңа механикалық, одан кейін қолданыстағы биологиялық тазарту құрылыстарында екі кезеңдік тазартудан өтеді. Тазартылған ағынды сулардың бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа қайтарылады, ал қалғаны жаңа құбыр арқылы қазіргі уақытта салынып жатқан муниципалды тазарту құрылыстарына жіберіледі. Сонымен қатар механикалық тазарту құрылыстарын жаңғырту жөніндегі кіші жоба жүзеге асырылғаннан кейін жалпы ағынды су көлемінің шамамен 15%-ын қайта пайдалануға жарамды су ретінде АМӨЗ өндірістік процесіне қайтару жоспарлануда.
Бұдан соң булану алқаптарын қайта қалыпқа келтіру, кейіннен оларды құрғату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, АМӨЗ ашық топырақ арнасының орнына қалалық кәріз тазарту жүйелеріне дейін жалғасатын құбырдың салынуын көздейтін нормативті-тазарту ағындары арнасының реконструкциялауын жүргізуде. АМӨЗ булану алқаптарына орташа есеппен жылына шамамен 4 млн текше метр су жібереді.
Негізгі жобалық шешімдер
Жобада қайта қалпына келтірудің техникалық кезеңінде мынадай жұмыс түрлері қамтылған:
- Қалалық булану алқаптарынан бөліну үшін №2,3 4 сектоларына екі бөлу бөгетін орнату және № 1 секторы үшін бір бөлу бөгетін салу;
- Ағынды су алып жатқан булану алқаптарының учаскелерін құрғату;
- Қамысты шауып алып тастау;
- Булану алқаптарын жырту;
- Булану алқаптарының бетін автогрейдермен тегістеу;
- Мұнаймен ластанған топырақты биологиялық тазарту;
- Жер телімдерін үш реттен қопсыту.
Жергілікті қоғам мен қоршаған ортаға әсері
Жобаның іске асырылуы ҚР мемлекеттік басқару органдарының талаптарына сәйкес келеді және қоршаған ортаны қорғауды жақсарту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға сай жүргізіліп келеді.
Жоба ашық сыйымдықтарды жоюға, жиналған қалдықтарды алып тастауға, ағынды сулардың тазарту сапасын нормативтік көрсеткіштерге жеткізуге, биологиялық тазарту құрылыстарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аяқталғаннан кейін мынадай нәтижеге қол жеткізіледі:
- Қайта пайдаланылатын тазартылған ағынды судың көлемін жылына 0%-дан 15%-ға дейін арттыру (0 м3-ден 600 000 м3-ге дейін);
- Жайық өзенінен су алуды жылына 9%-ға қысқарту (7 100 000 м3-ден 6 500 000 м3-ға дейін).
Жобаның іске асырылуы құрылыс кезеңінде 182 уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобалық-іздестіру жұмыстарын орындау, сондай-ақ авторлық қадағау қызметтерін көрсету үшін жергілікті компаниялар тартылды.
Жобаның іске асырылуы бірқатар әлеуметтік-экономикалық тиімділікке әкеледі, соның ішінде:
- Булану алқаптарына ағынды сулардың шығарылуын тоқтату;
- Ағынды суларды тазартудың ең озық әдістерді қолданылуына және жаңа қалалық тазарту құрылыстарының іске қосылуына байланысты Атырау қаласының қоршаған орта ахуалын және тұрғындарының денсаулығын жақсарту;
- Атырау қаласының ағынды суларды басқару жөніндегі стратегиялық мақсаттарына жету.
АМӨЗ жаңалықтар сайттары және «АМӨЗ» интернет-ресурстары арқылы Жобаның ағымдағы жағдайы туралы жұртшылықты хабардар етеді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен және БАҚ өкілдерімен үнемі кездесулер ұйымдастырып тұрады.
Жоба үшін Мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жөніндегі жеке жоспар (Жоспар) құрылды. Оны АМӨЗ Жобаның әрбір кезеңінде іске асыратын болады. Жоспарда қамтылған іс-шаралар Жоба туралы тиісті ақпараттың ашылуын, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың алаңдаушылығын тудыратын мәселелерді жинақтап, оларды қарау мен шешуді көздейді. Сонымен қатар Жоба бойынша АМӨЗ-де Жобаның іске асырылуына байланысты шағымдар мен өтініштерді қабылдау және қарастыру тетігінің құрылуы мен жұмыс істеу қарастырылған. Бұл іс-шара мүдделі тараптарға, соның ішінде жергілікті халыққа Жобаға қатысты шағымдар мен өтініштерді беруге және олардың шешілуін талап етуге мүмкіндік туғызады.