14.01.2011 «Айқын» газеті 14.01.11.
Мұнай қымбаттай береді
2010 жылдың аяғына таман баррелі 95 долларға сатыла бастаған мұнай өткен жылдың соңғы саудасында күрт арзандап, 91 долларлық бағаны көрсетіп тынған. Осыған қарап әлемдік сарапшылардың бір тобы «мұнай бағасы 2011 жылы 85-95 доллар аралығында болады» деген сәуегейліктерін жариялап үлгерді. Бір еске салатын тұс - ештеңенің байыбына бармай бағаның өсу немесе түсу себептерін нақты деректер мен дәйектерге сүйеніп, ғылыми сараптан өткізбей, осылайша сәуегейлік жасаушылар болжамы ақиқаттан алшақ болатындығын біз талай рет дәлелдегенбіз. Бұл жолы терістеуді теріске шығару ісімен айналыспай, тек «мұнай бағасы қымбаттауын жалғастырады» деген пікірімізді дәлелдеуге тырысамыз.
Егер 2010 жылдың соңғы саудасына зер салсақ, онда мыс бағасы 9 мың доллардан асқанын, яғни 2007 жылдың тамызына дейінгі күрт даму шағындағыдан үш есе қымбаттағанын, сондай-ақ 95 долларға жеткен мұнайдың күрт арзандап, 91 долларға түсіп қалғанын білеміз. «Неліктен бұлай болды» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Оның жауабы дайын. Ең басты себеп - мұнайды сатушылардың сақтауы миллиондаған тоннаны қамтамасыз ете алмайтындығы. Оны кезінде жылдамырақ өткізіп жібермесе, кейіннен шығынға отырады. Ал металл бұған қарағанда сақтауы оңай дүние. Олай болса, бұл арадағы мұнай бағасының төмендеуі тек қана оны сақтаудың табиғи қиындығынан туындаған іс деп ойлау керек. Ђйткені өндіріс пен тасымал іркіліссіз жүре бергенімен биржалардағы сауда он күнге тоқтатылады ғой. Міне, бар гәп осы жерде. Сөзіміздің ақиқаттығын жаңа жылдың алғашқы саудасы дәлелдеп берді. Мұнайдың баррелі осы саудада ғана 3 долларға қымбаттап, 94 доллардан астамға сатыла бастады. Бүгінгі күні ол 97 доллардан асып кетті. Демек, ең алдымен айтарымыз, мұнай құнсыздануға бет бұрған жоқ. Біздің болжамымызша, бұлай болмайды да. Олай болса, осы пікірімізді дәлелдейік.
Жыл аяғында әлемдік биржаларда сатылатын мұнайдың 40 пайыздан астамын өндіруші ОПЕК картелі құзырындағы сарапшы институттар өзінің 2010 жылғы жұмыс есебін жариялады. Сонда 2010 жылы мұнай пайдалану Қытай, Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезия секілді мемлекеттерде 2009 жылғыға қарағанда өскенін атап көрсеткен. Әсіресе, атап айтарлықтай өсім Қытай мен Үндістан секілді алып мемлекеттерде тіркелген. Міне, осы ақиқатты негізге ала отырып, ОПЕК картелінің сарапшылары «2011 жылғы мұнай бағасының орташа деңгейі 95 доллардан жоғары болады» дегенге тоқталған. Яғни 85 доллар деген сөз бұл жерде мүлде жоқ.
Ал АҚШ, Еуроодақ мемлекеттерінде мұнай пайдалану мөлшері онша өсім көрсетпеген. Солай бола тұрса да, назар аударатын тұс - мардымсыз болса да өсім бар. Бір ескеретін жағдай, бұл өсім энергияны, негізінен, мұнай өнімдерінен алатын мемлекеттерде орын алған. Оның ішінде Еуропаның ең алыбы Германияда осындай жағдай тіркелген. Қош.
Енді мынаған назар аударайық. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк сарапшылары 2011 жылғы ішкі жалпы өнімнің өсімі Қытай, Үндістан, Ресей секілді алып мемлекеттерде ақиқатқа айналатынын өз болжамдарына енгізген. Бұлардан тысқары біздің Қазақстан және Индонезия, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан секілді шағын мемлекеттерде де жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі жоғары болатынын әлгі халықаралық институттар мойындап тұр. Ал осылардың барлығы да энергияны, негізінен, мұнай өнімдерінен алатын елдер. Ол ол ма, Қытай мен Үндістанда мұнай химиясы өндірісі қарқынды дамуда.
Жоғарыдағы деректер мен дәйектердің барлығы үстіміздегі жылы мұнайға сұраныс өсе түсетінін дәлелдейді. Олай болса, мұнай бағасының төмендеуі мүлде мүмкін емес. Ал ОПЕК картеліндегілердің ең төменгі деңгей 95 доллар болады дегені жөнге келеді. Сонда жауап беретін бір сұрақ қалады, ол «ең жоғары мөлшері» қандай болмақ деген сөз. Ендеше, осы сұраққа жауап берейік.
Алдымен айтарымыз, АҚШ бюджетінде 1,7 триллион доллар жетімсіздік бар. Сондай жағдайдың өзінде бұл мемлекет басшылығы, бәлкім, соңғы он жылда тұңғыш рет шығар, әйтеуір әскери бюджетті қысқартуға шешім қабылдады. Мұның алдында Ресей-АҚШ ядролық шабуыл қаруларын қысқарту жөніндегі келісімшартты бұл алып мемлекет ратификациялаған болатын. Демек, мол мөлшердегі баллистикалық зымырандарды жою жұмысы басталады. Ал жоғарыда аталған 1,7 триллион доллар қайткен күнде де банкноттар фабрикасында басылып шығып, нақты «жұмысқа қосылады». Міне, осының өзі-ақ биылғы жылы аталған алып мемлекетте жұмыс алаңы ұлғаятынын көрсетіп тұр. Демек, мұнайды пайдалану бұл мемлекетте де ұлғаяды. Ал АҚШ секілді әлемдегі ең алып мемлекет ең кемі 0,5 пайыз өсім берсе де, 2010 жылғы мұнай өндірісінің көлемі сұранысты қамтамасыз етпесі анық. Жоғарыда айтқанымыздай, ОПЕК картелі әлемдік рыноктағы мұнайдың 40 пайызына ғана қожалық жасайды. Қалғандары Ресей, Норвегия, Венесуэла және басқа елдердің еншісінде. Ал осы мемлекеттер 2007 жылдан бері мұнай өндірісін қысқартқан жоқ. Демек, олар мүмкіндіктің шарықтау шегінде жұмыс істеп тұр. Жаңадан пайдалануға беретін өндірістік кешен ашылады, деген сыбыс та жоқ. 2007 жылдан бері мұнай өндірісі мен экспортын аздап қысқартқан елдер - ОПЕК картелінің мүшелері. Бұлар сол уақытша тоқтатқандарын қайтадан іске қоса қойған күннің өзінде, сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды.
Ђндіріс пен тұтыныс арасындағы жағдай осы. Бұдан шығатын қорытынды мұнай бағасы 2011 жылдың аяғына қарай барреліне 110 долларлық деңгейге жетуі мүмкін деген сөз. Қазақстан үшін бұл толық қанағаттанарлық жағдай. Ђйткені біздің бесжылдық жоспарымыздың ең оптимистік нұсқасының өзінде мұнайдың баррелі 65 доллар болады деген шек алынған. Ал ақиқат одан 45 долларға пайдалы болайын деп тұр. Олай болса, экспорттық баж салығын екі есе өсіргенімізбен мұнайшыларымыз кедейленіп қалады, деп ойламауымыз керек. Олар да, мемлекеттік бюджет те өзіне тиесілі үлесін алады және ол 2010 жылғыдан әлдеқайда жоғары болады.