23.02.2012 KazBIN /А.Орынғалиұлы/
Орал өңірін газдандыруға ел қазынасынан 856 млн 806 мың теңге бөлінді
Орал өңірін газдандыруға ел қазынасынан 856 млн 806 мың теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ақылбек Әмірғалиев мәлімдеді.
Қазір Батыс Қазақстан облысындағы 12 аудан орталығы түгелдей көгілдір отынмен қамтылған. Дегенмен газ бармаған елді мекендер әлі де бар. Ақылбек Әмірғалиевтің айтуынша, өңірді газдандандыру бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғаспақ. Өткен жылы республикалық бюджеттен 1396,2 млн теңге қарастырылып, бұл қаржыға 152,814 шақырымдық газ құбыры тартылған-ды.
«ҚР Мұнай және газ министрлігімен облыс әкімдігі арасындағы келісімге сәйкес, республикалық бюджеттен биыл 856 млн. 806 мың теңге мақсатты трансферт бөлінді. Бұл сегіз елді мекенге газ жеткізуге жұмсалатын қаржының 90 пайызын құрайды. Қалған 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінбек», – дейді Ақылбек Борашұлы.
Сонымен өңірде биыл жалпы ұзындығы 177,5 шақырымдық газ құбыры тартылады. Аталған газ құбырының жобасы Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе, Қарауылтөбе, Базаршолан және Томпақ ауылы, Қазталов аудынындағы Қарасу, Беспішен, Шыңғырлау ауданындағы Тасмола елді мекендерін қамтиды. Бұйырса, Жайықтың сол жағалауындағы бірқатар ауылға да газ жеткізіліп, алдағы қыста от жағудың бейнетінен құтылмақ. Сондай-ақ Жәнібек ауданының Көлтабан, Құрсай ауылдарына газ тарту арқылы Ақоба – Жасқайрат бағытындағы газ құбыры құрылысын салу жоспарланған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда облыс тұрғындарының газбен қамтылуы 84,7 пайызды құрамақ.
Қазіргі уақытта газ тарту жұмыстары соны технологиямен, жердің топырағын әрі-бері қопармай-ақ атқарылады. Мұның өзі қазына қаржысын үнемдеуге және жұмыс ауқымын қысқа мерзімде игеруге мүмкіндік береді. Көршілес Атырау облысы жағынан келетін Тайпақ–Ростоши магистралды газ құбырынан Жайықтың арғы бетіндегі ауылдарға өзеннің табанымен магистралды газ құбыры тікелей тартылатын болады.
Мамандардың айтуынша, ауыл-аймаққа газ тарту жұмыстарын жүргізетін мердігерлер тендер бойынша ақпан айының соңында анықталады.
Облыстағы газ құбырының құрылысын жүргізуде «Батысгазстрой», «Құрылысгаз», «Газкотломонтаж» секілді компаниялар белсенділік танытып келеді.