Жарияланымдар

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы компанияның аты аталған жарияланымдар.
23.02.2012 «Алаш айнасы» газеті /Автор: Баян КӨШЕНОВА, Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің профессоры, Абай ОМАРОВ (коллаж)/

Халықтық iро – халық игілігі

Мемлекет басшысы былтыр Үкімет алдына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кұрамына кіретін бірқатар компанияларда «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру міндетін қойды. Халықтық IPO қазақстандықтарды ел экономикасын дамытуға қатысуға тарту, оларға отандық жетекші компаниялардың акцияларын сатып алу есебінен өз әл-ауқатын арттыру мүмкіндігін беру үшін жүргізіледі. Сол себепті бұл ауқымды акция қоғамның үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан бұл тақырып егжей-тегжейлі түсініктемені қажет етеді.

«Самұрық-Қазына» қорының алдына қойып отырған негізгі мақсаты – Халықтық IPO-ны дайындау мен өткізу үдерісін барынша ашық және түсінікті, ал орналастыруға ұсынылатын акциялардың халықтың қалың тобы үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

IPO (ай-пи-о) аббревиатурасы ағылшынның Initial Public Offering – қандай да бір компанияның акцияларды сату үшін бастапқы жария ұсынуын білдіретін сөз тіркесінен туған. Бұл ретте «бастапқы» сөзі компанияның өз акцияларын биржаға алғаш рет шығаруын және оларды халықтың қалың тобына шектеусіз ұсынуын білдіреді. «Халықтық» деген қосымша осындай IPO кезінде эмитент-компаниялар сату үшін шығаратын акцияларын бірінші кезекте ел халқына ұсынатынын білдіреді. Әдетте, Халықтық IPO кезінде сату үшін акцияларының толық немесе бақылау бумасын мемлекет иеленетін кәсіпорындар шығарады.

Халықтық IPO өткізудің бірнеше себебі бар: біріншіден, табысты кәсіпорындардың акцияларын иелену азаматтарға олардың дамуы мен өркендеуінен пайда алу мүмкіндігін береді. Бұндай пайда акциялардың бағасы өскен кезде де, дивидендтер төлеу есебінен де болады. Екіншіден, Халықтық IPO қор нарығының дамуына ықпал етеді. Жетекші кәсіпорындардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін бере отырып, мемлекет инвесторлар шеңберін кеңейтеді. Акцияларға деген ұлғайып отырған сұраныс өтімділіктің өсуіне әкеледі, бұл өз кезегінде қор нарығының (бағалы қағаздар нарығының) дамуына оң әсер етеді. Үшіншіден, Халықтық IPO барысында тартылған қаражатты мемлекеттік компаниялар өзінің дамуына, активтер сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге инвестициялауы мүмкін.

IPO өткізудің мақсаты әрбір нақты жағдайға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Ұлыбританияда осындай бағдарлама өткен ғасырдың 80-90-жылдарында жүргізілді. Онда халыққа аса ірі ұлттық компаниялардың, яғни «Бритиш Газ», «Бритиш Стил», «Роллс Ройс» және электр энергетикасы секторының, су және көмір индустриясы компанияларының акциялары ұсынылды. Сондай-ақ Польша үкіметі ел бюджетінің өсіп отырған тапшылығын және сыртқы қарыздың жоғары деңгейін жабу мақсатында 2009-2011 жылдары толыққанды жекеменшіктендіру науқанын жүргізді. Инвесторларға киім шығаратын, ағаш өңдеу мен қағаз өнеркәсібіне дейінгі экономиканың әртүрлі секторларынан 740-тан астам мемлекеттік кәсіпорынның акциялары ұсынылды. Бұл ретте, әдетте, акцияларға қолжетімділік бірінші кезекте институционалдық және шетелдік инвесторларға емес, елдің азаматтарына беріледі.

Тұтастай алғанда, экономикалық жағынан дамыған елдерде ірі компаниялардың басым көпшілігі IPO рәсімінен өтті. Олардың акциялары жеке тұлғаларға да, сондай-ақ институционалдық инвесторларға да (зейнетақы қорлары және сол сияқты акционерлердің кең ауқымына) тиесілі болды. Осындай экономикалық үлгі іс жүзінде меншікке қоғамдық иелікті білдіреді және барынша тиімді әрі әділ болып табылады. Өйткені бұндай іс тұтастай қоғамның да, оның жеке азаматтарының да мүдделеріне сәйкес келеді.

Әр азамат ұлттық компаниялардың акционері бола алады

Өз қаражатын компаниялардың бағалы қағаздарына сала отырып, инвесторлар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, олардың дамуына жәрдемдеседі. Бұл ретте акционерлер компанияны басқаруға қатысады және акциялардың бағасы өскен жағдайда оларды иеленуден пайда табады, сондай-ақ компания пайдасын бөлісіп алуға (дивидендтер түрінде) қатысады.

Алайда акцияларды сатып алу жылдам пайда немесе жалпы пайда табуға кепілдік бермейді. Кез келген қаржы нарығы, оның ішінде қор нарығы кұбылмалы (бағалардың кұбылуы) жағдайда болады. Бұл қандай да бір компанияның акцияларын сатып ала отырып, инвестордың барлық тәуекелдерді де сатып алатындығын білдіреді. Өйткені акциялардың бағасы көтерілуі де, сондай-ақ көптеген жағдайға байланысты төмендеуі де мүмкін. Біріншінің қатарына компанияны тиімсіз басқару, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгеруі, сондай-ақ эмитент қызметіндегі кейбір кемшіліктер, дүлей апаттардың болуы, эмитент-компания шығаратын тауарларға арналған баға-лардың құлауы және т.с.с. келеңсіз жағдайлар, яғни кез келген алдын ала қиын болжанатын, алайда нарыққа белгілі бір әсері бар кұбылыстар жатады. Сонымен бір мезгілде компанияның табысы дамыған, инвестициялық бағдарламаларды тиімді іске асырған кездегі қолайлы нарықтық жағдайда акцияларды игеруден түскен кіріс депозиттік банктік салымға қарағанда тым жоғары болуы мүмкін.

Халықтық IPO, әдетте, экономикалық құлдырау кезеңінде емес, қолайлы экономикалық жағдайларда өткізіледі. Қазақстанда Халықтық IPO экономикалық өрлеу толқынында өткізу жоспарланып отыр. Біздің еліміз әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінен табысты өтті. Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша Қазақстанда 2011 жылы ЖІӨ өсуі шамамен 6%-ды құрайды, бұл Ұлыбританияның, Жапонияның немесе Ресейдің көрсеткіштерінен жоғары. Қазақстан Тәуел-сіздігінің 20 жылы ішінде жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айтарлықтай өсуі 1994 жылдан бастап ол 12 есе ұлғайып, 9 мың АҚШ доллары деңгейіне жетті – бұл жүргізіліп отырған оңды экономикалық саясаттың заңды нәтижесі.

Жалпы, Халықтық IPO халық арасында бағалы қағаздарды тұңғыш рет мейлінше көп орналастыруға мүмкіндік жасау деген ұғымды білдіреді. Олай болса, Ел Президенті көтеріп отырған әлеуметтік бизнестік бастама – «Халықтық IPO» бағдарламасын жүргізу – біздің қоғам үшін үлкен маңызды іс. Неге десеңіз, еліміздің экономикасында үлкен әлеуетке ие «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамында 400-ге тарта компания бар екенін ескерсек, соңғы жылдары олардың қаржылық көрсеткіштерінің ерекше қарқынмен өсіп отырғанын байқау қиын емес. Яғни рес-публикадағы мұнай-газ, электр қуаты, металлургия және байланыстың барлық түрлерінің тізгінін ұстаған осынау отандық алпауыт компанияларда шоғырланған активтерге иелік етуге қарапайым тұрғындардың да қолы жететіндей мүмкіндік тумақ. Бұл – әр азамат ұлттық компаниялардың акцио-нері бола алады деген сөз.

Өткізгелі жатқан халықтық IPO аясында жеке инвесторларға дивидендтер мен бағалы қағаздың бағамының өсімі арқылы ұлттық компаниялардың табысына қатысуы үшін сенімді және табыстылық деңгейі жоғары инвестициялық құрал ұсынылатын болады. Бұл өз кезегінде отандық қор нарығының дамуына зор септігін тигізбек.

Қарапайым ел азаматының мың акцияға дейін иеленуіне қауқары жете ме?

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік компаниялардағы үлестер мен акцияларды қор нарығына шығарған сәтте қолында ақшасы бар қалталы топ қана сатып алып, қаймана жұрт акционер атанудан ада қалмай ма деген де күдік бар. Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, дәл қазіргі уақытта еліміздің қор биржасында 130-дай эмитент бар деседі. Әйтсе де олардың барлығын бірдей қор нарығында ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан іргелі компания деуге келмейді. Сондықтан акция сатып алардағы таңдаудың өзі осындай талаптарға түсетіні белгілі. Оның үстіне еліміздің қор биржасына ақшасын салып отырған инвесторлардың саны 10 мыңның маңайында ғана екен. Бұл – республика тұрғындарына шаққанда өте аз көрсеткіш екені ақиқат.

Қазіргі таңда құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан Қазақстанның барлық азаматтарына баршаға бірдей мүмкіндік беру мақсатында Халықтық IPO өткізу бойынша белгілі бір шектеулер қою мәселелері қарастырылып жатыр. Мысалы, шектеулер бір қолға бірнеше акциядан артық емес не болмаса максималды инвестиция көлемі белгілі бір сомадан аспауы керектігі бойынша болуы мүмкін. Бұл – баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті жағдай. Жалпы, осы Халықтық IPO өткізу үшін халықтың алдын ала қаржылық жағдайы зерттелінген болатын. Статистика агенттігінің мәліметтерін қолданып жүргізген есептеулер нәтижесіне сәйкес, өткен жылдың тоғыз айы бойынша үй шаруашылықтарының жан басына шаққандағы номиналды табысының 39%-ы номиналды жинақ ретінде (номиналды табыс минус тұтынуға кеткен шығындар) тұрғындардың қолында қалған екен. Осы жинақтардың 9,3%-ы – банктердің депозиттеріне салым, 12,3%-ы – зейнетақы қорларына жинақ, 0,17%-ы сақтандыру қорларына ерікті жарналар ретінде жіберілген. Номиналды жинақтардың қалған сомасын бос ақша қаражаттары ретінде санауға болады. Сонымен қатар халықтың бос ақша қаражаттарының бар екендігі 2007 жылы өткізілген табысты заңдастыру акциясы қорытындысымен де жанама түрде дәлелденді. Сол акцияның нәтижесінде 5,3 млрд АҚШ долларына тең мүлік заңдастырылды, оның ішінде 3 млрд доллары ақшалай күйінде болатын. Алайда жүргізілген акция тұрғындардың тек 10%-ын ғана қамтыған болатын. Зерттеулер нәтижесінде, жалпылай алғанда, халықтың қолында 5 миллиардтан 12 миллиард АҚШ долларына дейін нақты экономикаға жұмыс істемейтін басы бос қаражат бары есептеліп отыр. Бұл – қомақты сома. Сондықтан соның бір бөлігін ұлттық экономиканың дамуына тарту қажет.

Халықтық IPO-ға аудит қалай жүргізіледі?

Бұл тұрғыда инвестор өз қаржысын кім басқаратынын және оның жұмыс істейтінінен толық хабардар болуы тиіс. Ол үшін нарыққа үлесін сатқан компанияның қызметі мен қаржылық ахуалы тіпті оның құрылтайшыларының тізіміне дейін анық болғаны жөн. Себебі кейде біздің елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік кәсіпорындарды былай қойғанда, отандық компаниялардың қызметі туралы да нақты мәліметтердің сирек кездесетіні анық. Осынау жайттарды шешіп алмай, жалпы, халықты инвесторлыққа тарту ісінің аса нәтиже бере қоймайтыны белгілі. Халықтық IPO-ны өткізу барысы Үкіметтің жіті назарында болады. Сол себепті мемлекет барша тұрғындардың қатысуы үшін максималды қолайлы жағдайлар жасайды деп көзделуде. Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығында тәуекелдің әрқашан болатынын ескеру қажет. Оның үстіне үлестік акциялар бойынша тәуекелдер басқа бағалы қағаздар түрлеріне қарағанда жоғары болады. Дегенмен олар бойынша табыстылық та жоғары. Бірақ осы Халықтық IPO аясында тұрғындарға ең табысты деген ұлттық компаниялардың акциялары ұсынылмақ. Акциялары сатылымға шығарылатын компаниялар қаржылық көрсеткіштері ең жақсы, орнықты және мемлекеттік қолдауға ие компаниялар болып табылады. Бұл инвесторлар тарапынан сенімділіктің жоғары болуына алып келеді. Мысалы, «Ка-затомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ-тың Moody’s халықаралық рейтингілік агенттігі берген кредиттік рейтингісі – «Ваа3/тұрақты» деңгейде. Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстан экономикасында тұрақты өсу үрдісі байқалады. Бұл өз кезегінде ұлттық компаниялардың акциялары бағамының одан әрі өсуіне мүмкіндік береді.

Бағдарламаға байланысты Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының акциялары қарапайым халық үшін сатылымға 2012 жылдан бастап түседі. Сатылым үш кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде үш компания –«ҚазТрансОйл» АҚ, «КЕГОК» АҚ және «Эйр Астана» АҚ. Олардың акциялары 2012 жылдың ІІ-ІІІ тоқсандарында сатылады. Екінші кезеңде, яғни 2013 жылы акциялары нарыққа шығарылатын компаниялар мыналар: «ҚазТрансГаз» АҚ, «Қазмортрансфлот» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ. Үшінші сатылым 2014 жылы жүзеге асады деп жоспарланған, ол кезде «Қазақстан-Теміржолы» АҚ, «Қазақтеміртранс» АҚ-тың акциялары сатылымға шығады. 2015 жылы «Қазмұнай-газ» АҚ және «Қазатомпром» АҚ-ты шығару да қарастырылған. Мұнай компаниясына әлемдік мұнай бағасының әсер етуі мүмкін әрі Қашаған кенішінің даму барысы осы жылдардан кейін толық белгілі болады. Ал «Қазатомпром» АҚ-қа келсек, әлем Фукусимадан кейінгі қорқыныштан арыла бас-тағанда ғана бұл компанияның акциялары инвесторларға қызықты болуы мүмкін. Демек, осы екі компанияның акцияларын саудаға шығару туралы мәселе 2015 жылы нақты белгілі болады.

Жалпы, ІРО-ға әр компанияның 5-15% акциялары шығарылады деп есептелінген. Айта кететін жайт – осы үш кезеңге бөліп қарастырған компаниялардың барлығы да – аса ірі компаниялар. Мемлекет үшін аса маңызды компанияларды мемлекеттің ІРО-ға шығаруын саналы қадам деп айтуға болады.

Қорыта айтқанда, ең негізгі саяси мақсат – қазақстандықтардың аса ірі компаниялардың акцияларына ие болуына мүмкіндік беру. Осылайша Қазақстан халқы ірі ұлттық компаниялардың тең меншік иелері бола алады.

Категориялардың түсіндірме сөздігі:

Акция – акционердің қоғамдағы үлесін немесе меншігін куәландыратын бағалы қағаз. Ол иемденушісіне қоғам капиталына, мүлкінің, кірісінің бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқығын береді. Қоғам қанша уақыт жұмыс істеп тұрса, акция да сонша уақыт қолданылады, яғни акция – қолдану мерзімі шектеусіз бағалы қағаз. Бірақ осы уақыт ішінде акцияның иесі сан рет өзгеруі мүмкін. Акционер оны екінші нарықта сатуына болады.
Акция – өз иесіне дивиденд алу құқығын, сонымен қатар акционерлер жиналысында дауыс беру құқығын беретін бағалы қағаз.
Акционер (акция ұстаушы) – эмитент-компанияның тиісті құқықтары үлестіріліп берілген жай немесе артықшылықты акция иесі.
Акционерлік қоғам – өзінің міндеттемесі бойынша тек өзіне тиесілі мүлікпен жауап беретін ұйым-дық-құқықтық формадағы кәсіпорын. Бұндай қоғамды иемденуші акционерлерді тіркейтін реестр жүргізіледі.
Акционерлік капитал – компанияның жай және артықшылықты акцияларды эмиссиялау (шығару) арқылы құрылған капиталы.
Бағалы қағаз – мүліктік құқықты немесе эмитентке байланысты құжат иесінің қарыз қатынасын куәландыратын ақшалы құжат (акция, облигация немесе опцион). Ол жеке құжат түрінде немесе шоттағы жазу түрінде болады.
Бағалы қағаздар нарығы – бағалы қағаздарды сатып алу-сату және қаржының инвесторлардан эмитенттерге берілуі жүзеге асырылатын несие капиталы нарығының бөлігі.
Инвестициялар – күрделі қаржы салудың алуан түрлері. Инвестиция мемлекеттік және жеке, тура және портфельдік, негізгі материал мен тауарлы-материалдық қорға, үйлер мен ғимараттарға, машиналар мен жабдықтарға, тұрғын үй құрылысы қызметтеріне жұмсалатын болып бөлінеді.
Инвестор – өз ақша қаражатын табыс әкелетін іс-шараларға немесе активтерді сатып алуға жұмсайтын салым иесі. Инвесторлар институционалдық және жеке болып бөлінеді.
Дивиденд – акционерлердің меншігіндегі акция санына парапар бөлініп берілетін акционерлік қоғамның таза пайдасының бөлігі. Дивидендтің жалпы мөлшері түскен пайдадан салық төлегеннен кейін, өндірісті ұлғайту қорына бөлгеннен, сақтандыру қорын толықтырған, облигация бойынша пайыздық өсім және т.с.с. төлемдерден соң анықталады. Жай акциялар бойынша дивиденд мөл-шері ауыспалы, ал артықшылықты акциялар бойынша – нақты.
Жай акция – қоғамның түсірген пайдасының мөлшеріне байланысты дивиденттер алу құқығын, жиналыстарда дауыс беру арқылы коғамды басқаруға қатысу құқығын және қоғам жабылып қалған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін мүліктің бір бөлігін алу құқығын береді. Құқықтар акция мөлшеріне сәйкес көлемде жүзеге асырылады.
Эмиссия – компанияның бағалы қағаздарды шығаруы және оларды алғашқы инвесторларға сатуы.
Эмитент – эмиссияны жүзеге асыратын компания.



 
 
© «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, 2010
Байланыстыратын ақпарат
Сайтты жасау — «Ижанов и Партнёры»
Cайтты қолдау — «Интернет Решения»