Сала тарихы

Қазақстан мұнайының 110 жылдық бай тарихы бар, бұл тарихты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ әрі қарай абыроймен жалғастыруда

Мұнайлы-газды аймақтарды геологиялық-геофизикалық зерттеулердің және игерудің неізгі кезеңдері

Мұнай мен оның табиғи туындыларының жер бетіндегі белгілері жергілікті халыққа бағзы заманынан белгілі болған. Көптеген елді мекендер мен су көздерінің, шатқалдардың, құдықтардың, өзге де орографиялық және гидрографиялық нысандардың қазақша атаулары, мәселен, Майтөбе, Қараарна, Майкөмген; Қарашұңғыл, Жақсымай, Қарамай, Қаратон, Мұнайлы т.б. осындай жер-су атаулары бұл айтқанымызға жақсы дәлел.


Келбет кескіндемелері

Су да кельдi

Алғашқы кезең

Халық жадында Әукетай-Шағыл маңындағы (Еділ-Жайық аралығы) «Қасиетті от» туралы аңыз сақталған, бұл өңірден кейінірек расынан-да жанғыш газ кенорны ашылды. XIX ғасырда Мәтенқожа деген әйгілі дін қайраткері және емші Ойыл өзенініңтөменгі ағысы өңіріндегі құм-саздар астынан сыздықтай көтерілген қара маймен мал мен адамның қышыма ауруларын емдеген. Саяхатшыларлдың деректеріне сәйкес, Қытайдан Үндістанға әйгілі Жібек жолы бойымен жол тартқан керуеншілер Зайсан қазанойпатындағы Қарамай деп аталатын шатқалда ұшырасатын қара маймен арбаларының доңғалақтарын майлайтын болған.

Патшалық Ресей XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың бас шенінде Қазақстанның ауқымды аумағында ерекше назар аудура бастады, сөйтіп өзінің шығыс шекараларын нығайту және оңтүстіктегі елдерге шығатын сауда жолдарын кеңейту мақсатында біздің еліміздің әр түрлі аймақтарына саудагерлерді, әскери топографтар мен табиғат зерттеушілерін мезгіл-мезгіл жіберіп тұрды. Атырау облысының ауқымында мұнай бар екендігі жайлы алғашқы дерек Бекович – Черкасский жазбаларында көрсетілген, ол, І Петр патшаның Жарлығына сәйкес, 1717 жылы Хиуа өңіріне Ембі өзенінің төменгі ағысы арқылы жол тартқан әскери-топографиялық экспедицияны ұйымдастырушы болаты. Мұндай деректер географ Н.Северцевтің 1860 жылы жариялаған есепнамасында да бар (Ш.Есенов және басқалар, 1968).

1768 жылы ұйымдастырылған ғылыми экспедициясының есепнамасында (С.Гмелин, И.Лепехин, П.Паллас) Батыс Қазақстанның геологиясы мен пайдалы қазбалары жайлы кейбір деректер бар, онда көмір, мұнай, жаңғыш тақтатастар, өзге де кейбір минералдық шикізаттар туралы айтылған. 1874 жылы Қарашұңғылдағы, Доссордағы және Иманқарадағы мұнай шығымдарын зерттеген ресейдің Геологиялық комитетінің тау-кен инженері Д.Кирпичников былай деп жазған: «Мұнайдың мол шоғырлары бар екендігі ешбір күмән жоқ, алайда бұл байлыққа қол жеткізу оңайға түспейді, себебі мұнда ауыз су жоқ, елді мекендермен қатынас, шабындыққа қолайлы шалғындар мен далалар жоқ».

Өз кезенінің өте білімдар адамдардың бірі болып саналған Григорий Силыч Карелин 1827 жылы Қазақ даласының батыс аймағын аралаған, осында топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізіп, аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеген. Ол мұнда Бөкей ханның ұлы Жәңгір ханмен кездескен. Г.С.Карелин Жәңгір ханға қатты әсер еткен, сондықтан хан оған өзіне кеңесші болып қызмет қылуды өтінген. 1832 жылы Г.С.Карелин Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын зерттейтін ірі экспедицияның бастығы болып тағайындалған. Экспедиция журналының алғы сөзінде Г.С.Карелин былай деп жазады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалаулары өзінің географиялық жағдайы тұрғысынан өте маңызды аймақ, алайда ол өзінің осы мәртебесіне сәйкес келетін дәрежеде зерттелмеген. Теңізшілердің кейбіреулері ғана бұл шөлді аймаққа бас сұққан, онда да тиіп-қашып қана. Табиғат зерттеушілерінің ешқайсысы да Гурьев пен Көне Маңғыстау аралығында 900 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жағалауларда болып көрмеген. Бұл аумақ шынында даауқымды аймақ, ал оның біздің болашақ саудулурымыз бен Орталық Азия елдерімен саяси қатынастарымыздың шын мәніндегі кілті екендігін ескерсек, оның мәртебесі бұрынғыдан да биік түседі» (Жалпы география бойынша Орыс географиясы қоғамының жазбалары, 1883 ж.).

Батыс қазақстан аймағын зерттеушілер әсіресе Маңғыстау түбегіне баса назар аударды. Бұл өңірді зерттеу 1846 жылы басталды, бұл жылы М.И.Иванкиннің экспедициясы Маңғыстау түбегінде алғаш рет мұнай белгілерін тапты. 1887 жылы геологтар Н.И.Андриусов пен М.В.Баярунас маршруттық түсіру жұмыстарын бастады (М.А.Мирзоев, «Маңғыстау: ғасырлар дауысы», Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1994 ж.).

1851-1853 жылдары Бозащы түбегін зерттеу жұмыстары жылғастырылды. Экспедицияның материалдары 1855 жылы Ресей Географиялық қоғамының хабаршысында жарияланды. Бұл еңбекте Үстірттің, Маңғыстау және Бозащы түбектерінің жербедері, гидрографиясы, өсімдік жамылғысы жан-жақты талданңан, осы аймақтарға геологиялық шолу жасалған, олардың грунт сулары, топырағы және климаты сипатталған.

Аймақты геологиялық тұрғыдан бағдарлы түрде зерттеуде және оның мұнай байлықтарын ашуда 1892 жылы геолог С.Никитиннің басшылығымен осы өңірге әдейі жіберілген арнаулы экспедицияның маңызы зор болды, оның негізгі мақсаты Түркістанға тартылатын темір жол трассасын және аймақтың табиғи байлықтарын зерттеу болатын. Бұл экспедиция мұнай шығымдарын зерттеу барысында алғаш рет қолмен бұрғылау станоктарын пайдаланды. Экспедиция, сонымен қатар, ауыз су көздерін іздеумен де пәрменді түрде шұғылданды, кейінірек фосфориттер мен көмір көздерін іздеу шаралары да жүзеге асырылды.

С.Никитин экспедициясы анықтаған және жағымды бағалаған Қарашүңгілдегі, Доссордағы және Ескенедегі мұнай белгілері сол кездегі мұнайшы жұртшылықты елең еткізді. Мұның нәтижесінде, 1892 жыл аяқталмай жатып-ақ кәсіпкерле тарапынан Доссордың кейбір бөлікшелерінде барлау жұмыстарын жүргізуге деген алғашқы сұраныстар да түсе бастады. Көп кешікпей-ақ Жайық-Ембі өңірінде, Батыс Қазақстанның өзге де аймақтарында мұнай көздерін іздеу және барлау мақсатын көздеген көптеген қоғамдар, серіктестіктер және фирмалар пайда болды. Олардың ішіндегі ең ірілері Жайық-Каспий мұнай қоғамы, «Ембі-Каспий», «Ағайынды Нобелдер серіктестігі», «Ембі», «Орал мұнайы» т.б. деп аталды. 1894 жылы Петербор кәсіпкерлерінің тобы мұнай кенорындарын іздеуге және барлауға концессия иеленді. Мұнай барлаудың алғашқы нысандары Доссор, Қаратон, Қарашүңгіл және Ескене өңірлері болды. «Ембі-Каспий» концессиясын иелікке алған С.Леман компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 38 м-ден 275 м-ге дейін 21 ұңғыма бұрғылады. 1899 жылдың қараша айында осында бұрғыланған №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігіндегі карст қуысының гипстенген таужыныстарынан жеңіл мұнайдың біршама қарқынды бұрқағы алынды.

Осы оқиға көне қазақ жерінен мұнай көзі ашылуының бастауы деп есептеленеді. 1906-1909 жылдары Қаратонның жоғарғы бор түзілімдерінен өнеркәсіптік емес мұнай ағымдары 3-4 ұңғымада байқалды. 1910 жылы С.Леман компаниясы, «Орал-Каспий» қоғамына ағылшын кәсіпкерлерінің қаржысын тарта отырып, Доссор өңірінде терең бұрғылау шараларын ұйымдастырды. 1911 жылдың 29 сәуірінде Доссорда 225-226 метр тереңдіктегі ортаңғы юраның түзілімдерін аршыған №3 ұңғымадан қарқынды мұнай бқрқағы алынды. Бұрқақ 30 сағат бойы толастамады, сөйтіп 16700 пұт мұнай берді. Орал облысының 1913 жылғы Шолуында (Әскери губернатор есепнамасының тіркемесі) былай делінген: «...Орал облысының Гурьев уезінде бірталайдан бері жүргізілген барлаулар оң нәтижесін берді.

Орал-Каспий Мұнай Қоғамына Доссор әрбіреуі 10 десятиннен тұратын 5 бөлікше, Мақат деп аталатын жерден 10 десятиннен тұратын 1 бөлікше, Ескенеден 10 десятиннен тұратын 1 бөлікше берілді. 1914 жылдың 1-қантарына Гурьев уезінің әртүрлі аймақтарынан мұнай өндіру үшін бөлінген жер 29 бөлікшені құрады. 1913 жылы Орал-Каспий Мұнай Қоғамы Доссордан 4450615 пұт мұнай өндірді» (Орал облысының 1913 жылғы Шолуы. Мәртебелі Әскертһи губернатор есепнамасына Тіркеме». Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архиві, Архив кіиапханасы).

1900-1917 жылдар аралығында іздеу-барлау жұмыстарымен Ембі ауданы ғана емес, Еділ-Жайық аралығы (Новобогат, Қара Өзен), Батыс Мұғалжар маңы (Мортық, Итассай), Каспий маңының орталық бөлігі (Мәтенқожа) және Ақтөбелік Орал өңірі (Жуса) де қамтылды. Барлауға 20 құрылым мен алаңшарлар тартылды, оларда 166 барлау және 117 игерім ұңғымалары бұрғыланды. Барлау жұмыстары Мақат және Солтүстік Ескене өңірлерінде, өзге де алаңшаларда жүргізілді. Солтүстік Ескенеде 7 ұңғыма, Қарашүңгілде 19 ұңғыма бұрғыланды. Доссорда жалпы ұзындығы 30 мың метрден астам 32 барлау және 100 игерім ұңғымалары, ал Мақатта 10 (5800 п.м.) бұрғыланды. 1915 жылы Мақатта сынама игерім жұмыстары басталды. Өнеркәсіптік мұнай ағымы юра түзілімдерінен алынды, ұңғымалардың бірінен 18,5 сағат боцы бұрқақтап тұрды, сөйтіп 250 тонна мұнай атқылады. С.Леман компаниясы Қаратонда 20 барлау қңғымасын бұрғылады, бұлардың барлығында дерлік мұнай көздері анықталды, мұнай өнімі тәулгіне 8 тоннадан 160 тоннаға дейін жетті. 1912 жылы барлау жұмыстары Новобогат кнорындарында басталды, мұнда 23 ұңғыма бұрғыланды, олардың жалпылама ұзындығы 6195 м болды. 1913 жылы Қара Өзен, Білеулі, Жаңғылды, 1914 жылы Ақаткөл, Сатыбалды, Теген, 1915 жылы Мәтенқожа, Мортық, Итассай, 1916 жылы Кейкебас, Жоса, 1917 жылы Иманқара, Дөңгелексор, Жалтыр алаңшалары игерілді. Алғашында мұнай бұрқақтық әдіспен өндірілді, кейінірек, ұңғыманың өздігінен мұнай бұрқағы толастағаннан кейін, оны ұңғыма ернеуі маңында әдейі орнатылған шұңқырлардан желонкамен тартандау әдісімен сорғылап өндірді. Бұл өте қарапайым әдіс Ембіде 20 жылдан астам уақыт бойына қолданылды.

Мұнай өндіру тарихында «Ембі» Мұнай өндіру және сауда акционерлік қоғамының (1911-1919 ж.ж.) орны ерекше. Бұл қоғам үкімет актісіне сәйкес 1912 жылдың сәуірінде құрылған, оның құрылтайшылары толық статтық кеңесші Э.Л.Нобель, статтық кеңесшісі Т.В.Белозерский жәене дәстүрлі құрметті азамат И.И.Стихеев болды (ҚР Орталық Мемлекеттік архиві, 681-і қор, 1-і жазба, 13-і іс). Бұл мұнай өнеркәсіптік акционерлік қоғамға қатысты бүкіл қаржылық операциялар Ресей-Азия банкі арқылы жүргізіліп отырды.

1924 жылы болып өткен Халық шаруашылығының Жалпыресейлік Кеңесінде жасалған «Орал-Ембі ауданы және оның дамытудың перспективалары» атаулы баяндамада «Доссор мен Мақат – осы екі бүкіл ауданның мұнай өнеркәсібінің бастамасы» деп аталып көрсетілді. «Бұл кенорындарды пәрменді түрде барлау шаралары 1924-1925 жылдарда басталып, 1926-1927 жылдарға дейін жалғасты, мұның нәтижесінде перспективалы белдем анықталды, олар: 1. «Доссор» белдемі, оған Сағыз өзенінің атырабында орналасқан бүкіл кенорындар, солтүстіктегі ең қашаық орналасқан Мәтенқожа кенорны, сол сияқты өнеркәсіптік маңызы бар екі кенорын – Доссор және Мақат – кенорындары енгізіледі. 2. «Оңтүстік белдем» Ембі өзенінен оңтүстікке қарай орналасқан бүкіл кенорындарды және осы өзеннің төменгі ағысындағы кенорындарды біріктіреді, бұлар – Қаратон, Қарашұңғыл, Стартөбе, Мұнайлы, Қосшағыл, Жыланбасты т.б. 3. «Новобогат белдемі» Жайық өзенінің батыс жақ жағалауларына қарасты кенорындарды біріктіреді (Новобогат және Қара өзен кенорындары). Айтқандай-ақ, бұл кенорындарды барлау ұнғымаларынан ағайынды Нобелдер фирмасы революцияға дейін-ақ 60000 пұт жеңіл мұнай алған болатын. 4. «Иманқара белдемі» аттас аудан ауқымындағы кенорындарды біріктіреді, олар – Иманқара, Қойқара, Қызылкөл, Жосалысбай, Күлжан, Жаңқабақ, Қарамұрат, Ұшақ күмбезі және Шұбан-таме. 5. «Терісаққан белдемі» Сағыз өзенінің жоғарғы ағысы мен Ембі өзенінің ортаңғы ағысы аймағындағы кенорындарды қамтиды. Мұндағы кенорындардың жалпы саны 15-ке жуық, аудан нашар зерттелген. 6. «Темір белдемі», оған Жанағаш, Кейкібас, Исатай, Мортық, Құрсай және т.б. кенорындар жатқызылады. Орал-Ембі ауданының потенциялық мүмкіндіктері өте жоғары, ол болашақта мұнайдың мол қорымен қамтамасыз ете алатын болады».

Мұнайкәсіптік сипаттағы зерттеулердің, яғни мұнай жатындары мен жинауыш таужыныстардың астасу жағдайларын анықтаудың өзіндік полигоны іспетті Мақат кенорындағы 105-ші ұңғыма 1915 жылы мұнай беріп тұрды. 1916 жылы «Ағайынды Нобелдер» серіктестігі тарапынан Жосалы құрылымында тереңдіктері 238 м және 132 м екі ұңғыма бұрғыланды. Осы ұңғымалармен аршылған тұз қабаты Жосалы мұнай білінімін Орал-Ембі аймағының кенорындармен салыстыруға мүмкіндік берді.

Орал-Ембі ауданын өнеркәсіптік тұрғыдан кеңінен игеру мәселесін В.И.Ленин 1920 жылы, осы өңір ақгвардияшылардан азат етілгеннен кейін, күн тәртібіне қойды. Оның пәрменімен Александров-Гай – Ембі темір жолы салына бастады, бұл жолды тұрғызудын мақсаты осы қашық та шөлді аймақты ел орталығыменбайланыстыру болатын. Темір дол тарту шаралары қуатты мұнай өнеркәсібін құруға және оны қарыштата дамытуға қажетті бірден-бір шарт болатын (Б.Сағынғалиев, «Үлкен Ембі» тарихы, Алматы, 2002 ж.).

XX ғасырдың 20-ы жылдарында мұнай өндіру Орал аймағынын индустриясын дамытудағы негізгі анықтаушы сала ретінде бағаланбады. «Орал губерниялық жерлік отряд жұмысының 1922-23 операциялық жылға жасалған қысқаша жоспарының алғы сөзінде», оның «Пайдалы қазбалар» атаулы тарауында былай деп жазылған: «Орал губерниясы пайдалы қазбаларға онша бай емес. Мұнда әзірше мұнай мен тұз ғана өнеркәсіптік маңызды иеленеді. Мұнай жатындары губернияның шығысында, ал бір бөлегі оңтүстік-батыс бөлігінде, Каспий теңізінің маңында орналасқан. Орал губерниясында 1914 жылы, біздің мұнай өнеркәсібінің ең табысты жылы 16 654 700 пұт мұнай өндірілді, бұл мөлшер Ресейдің бүкіл өндірісінің 1/34 бөлігін, ал дүниежүзілік өндірістің 1/225 бөлігін құрайды» (Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік архивы, 24-і қор, 101-і іс).

Мұнайды іздеу жұмыстары кейбір қайта құру шараларын жүзеге асыру қажеттілігін туындатты. Кеңес кезінде мұнай саласы мемлекет меншігіне өткізілді, отандық және шетел ұсақ серіктестіктер, кәсіпорындар және фирмалар таратылды. Бұлардың орнына әр түрлі трестер ұйымдастырылды, оларға мұнай кенорандарын іздеу және өндіру құқығы берілді. 1920 жылы мұнай кенорындарын өнеркәсіптік тұрғыдан игеру мақсатында Мәскеу қаласында Орал-Ембі ауданы мұнай кәсіпшіліктерінің Басқармасы құрылды, 1922 жылы бүкіл игерім және іздеу бұрғылауларын өз билігіне алған «Ембімұнай» тресіне ауыстырылды. Бұл трест, Доссор мен Мақатты игерумен қатар, өзге де бұрынырақ анықталған күмбездерде іздеу жұмыстарын жүргізді, мұның жатындары 1930 жылы Байшонаста, 1931 және 1932 жылдары Сағыз бен Ескенеде табылды. Мұнайды жинақтау, тазарту және тасымалдау шаралары Доссор мен Мақатта жүзеге асырылды, мұнда конструкциясы тіпті бүгінгі инженер-конструкторларды да таңдандыратын алып сыйымдылықтар (көлемі 2-3 мың м3 –ге дейін) орнатылды.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының басында Доссордағы сыйымдылықтардың жалпы көлемі 37482 т-ны, ал Мақаттағы бұл көрсеткіш 16142 т-ны құрады. Ракуштың мұнай айдау зауытында 141717 т мұнай, 5528 т дистиллят, ал Ескененің қорқоймаларында 1394 т мұнай шоғырланды.

1926-27 жылдары «Ембімұнай» кәсіпшіліктері мұнайды терендік сорғыштар мен компрессорлар көмегімен өндіруге көшті. Нақ осы кезеңдерде табиғи газ қазандықтарды жылытуға және тұрмыс қажеттіліктерін өтеуге пайдаланыла бастады. Доссорда газ құбыры тартылды, игеоім ұңғымалары осы құбырға жалғанды

Батыс Қазақстанның геологиялық құрылысын зерттеудің және оның мұнайлылығын бағалаудын алғашқы кезеңінде бір топ ғалымдар мен мамандардың зерттеулері маңызды рөл атқарды, олар – Каспий маңы бойынша С.Никитин, П.Православцев, А.Замятин, С.Миронов және Н.Тихонович, ал Маңғыстау аймағы бойынша Н.Андрусов және М.Баярунас эерттеулері. Бұл кезеңдегі зерттеу нәтижелерінің геологиялық тұрғыдан маңыздылары мыналар: юра, бор және кайназой түзілімдерінің стратиграфиясының жасақталуы; Каспий маңы өңіріндегі құрылымдардың тұзкүмбезді табиғатының анықталуы, оның тектоникалық сұлбасы құрастырылуы; Н.Андрусов тарапынан күрделі құрылысты Маңғыстау мегантиклинінің даралануы; мұнайлықтың жалпылама шарттарының белгілі болуы және кейбір кенорындардың ірі масштабты карталарының құрастырылуы; мұнайлылықтың түпнегіз қатқабаттары жайлы түсініктердің жасақталуы (С.Никитин бойынша, борлық түзілімдер, А.Замятин мен Н.Тихонович бойынша, юралық түзілімдер).

Қалыптасу кезеңі

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында Ембінің мұнайшылары айналмалы роторлық бұрғылауды қолдана бастады, мұның өзі бұрғылау жұмыстарының дамуына, ұңғыма тереңдіктерінің артуына, мұнай жатындарын аршу және оларды барлау қарқынының жеделдетілуіне септігін тигізді. Айналмалы бұрғылау КСРО-да алғаш рет Ембіде қолданылды, мұның нәтижесінде бұрғылау тереңдігі айтарлықтай өсті. Мәселен, 1929 жылы бұрғылаудың орташа тереңдігі 196,7 м болса, 1932 жылы бұл көрсеткіш 637,7 м-ге жетті. Ембі мұнайшылары КСРО-да және бүкіл Еуропада алғашқы болып сол кез үшін аса терең бұрғылау шараларын жүзеге асыруға қол жеткізді – Доссор мен Мақатта тереңдігі 2500-2800 м-ге жететін ұңғымалар бұрғылана бастады.

1927 жылы Халық шаруашылығы Бүкілодақтық Кеңесінің мұнай өнеркәсібі кеңесі отырысында жасаған «Орал-Ембі ауданының даму перспективалары» атаулы баяндамасында И.М.Губкин былай деп атап көрсетті: «Барлау жұмыстарының алғашқы кезеңдері өткен ғасырдың аяқ шеніне, яғни 1889 жылға сәйкес келеді. Алғашқы жұмыстар Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қаратоннан шамамен 35-40 км қашықтықта орналасқан Қарашүңгіл шатқалында Леманның тарапынан жүзеге асырылды. Осы Қарашүңгілде Леман 17 саяз ұңғыма бұрғылады, 1899 жылдың қараша айында сол ұңғымалардың бірі 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағын берді, мұндағы мұнай ағымы тәлігіне 90000 пұтқа жетті. Мұндай нәтиже аталған ауданға өзге де мұнай кәсіпкерлерінің қызығушылығын тудырды, сөйтіп 1916-1917-ші жылдары «Ембі-Каспий» бұл өңірде орташа тереңдігі 150 м-ге жететін 14 бұрғылау ұңғымасын тіктеді». Бұдан әрі И.М.Губкин Ембі аймағының дамуы мәселесіне өте ыждағаттылықпен қарау қажеттілігін айта келіп, былайша түйіндейді: «Менің ойымша, мемлекеттің Ембімұнайға көмектесуі дұрыс болған болар еді. Көмек әр түрлі бағытта берілуі мүмкін: мәселен, Ембімұнайды Доссор мен Мақатты игеруден түскен табысқа салынатын бүкіл салықтардан және өзге де қарыздардан біржолата босату, сөйтіп бүкіл табысты барлау жұмыстарын одан әрі дамытуға бағыттауға мүмкіндік беру» (ҚР Орталық архиві, 196-ы қор, 1-і жазба, 234-і іс).

Батыс қазақстандағы геологиялық іздеу жұмыстарына жалпылама басшылық КСРО-ның Бүкілодақтық Халық шарушылығы кеңесінің Бас тау-кен-отындық басқармасының Геологиялық комитеті тарапынан жүзеге асырылды. Орал-Ембі ауданының дамуына И.М.Губкин ерекше мән берді.

КСРО Ғылым Академиясының 1931 жылы болған төтенше сессиясында жасаған баяндамасында И.М.Губкин «Орал-Ембі ауданын қарқынды және батыр түрде барлау бұл ауданды ондаған миллион тонна мұнай беруге қабілетті шын мәніндегі ғаламат ауданға айналдыруы мүмкін. Бұл ауданды дамытуға қаржыны аямау қажет және оған деген қызығушылық бір сәтке де толастамауы тиіс», - деп атап көрсетті.

Батыс Қазақстан аумағында геологиялық барлау жұмыстарын дамытудың қарқынды кезеңі 1925-1926 жылдарға сәйкес келеді.1925 жылы, «Ембімұнай» тресінің жұмысын саралау нәтижесінде, мұнайшылардын алдына жаңа да нақтылы міндеттер қойылды: 5-7 жыл ішінде Ақтөбе облысының солтүстік аудандарының (Темір ауданының) ауқымындағы ауданы 3500 шаршы шақырым аумақтағы мұнайгаздылықтың белгілері анықталған құрылымдарды барлау шараларын жүзеге асыру. Осы міндеттерге сәйкес, 30-шы жылдардың бас шенінде мұнай іздеу жұмыстары Оңтүстік Ембіден тысқары өңірлерге, атап айтқанда Ақтөбе облысының аумағына қарай ауысты. Осыған байланысты «Ақтөбемұнайбарлау» аймақтық тресі құрылды, бұл трест «Қазмұнайбарлау» тресі деп аталды, ол Гурьев қаласында орналасты. Мұндай құрылымдық өзгерістер мұнай саласындағы жұмыстарды функциялық тұрғыдан даралу қажеттілігінен, яғни мұнайды өндіретін және мұнай кенорындарын іздеу мен барлау шараларын жүзеге асыратын құрылымдарды бір-бірінен оқшаулау қажеттілігінен туындады, себебі аталған екі функцияны бір орталықтан басқару мұнай саласын өте ірі және икемсіз құрылымға айналдырды, сөйтіп мұнай-газ кенорындарын іздеумен және барлаумен байланысты жүргізілетін жәдәл шараларды жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтар туғызды.

1931 жылы жаңадан құрылған «Ақтөбемұнайбарлау» тресі тарапынан Ақтөбе облысы ауқымында қойылған №10 ұңғыманы бұрғылау нәтижесінде Шұбарқұдық кенорны ашылды. Екі жыл өткеннен кейін Жақсымай кенорны дүниеге келді. Бұл екі кенорынды да игеру «Ембімұнай» тресінің құзырына берілді. Жоғарыда аталған жаңадан ашылған кенорындар мұнай тазалайтын және өңдейтін аса ірі сыйымдылықтар орналасқан Гурьев қаласынан айтарлықтай қашықтықта болғандықтан олардан алынған мұнайды тасымалау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселе Гурьев – Қандыағаш темір жол торабын салу нәтижесінде шешілді, бұл темір жол Шұбарқұдық және Жақсымай кенорындарын Доссормен және Мақатпен жалғауға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басы шенінде геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы айтарлықтай артты, бұған Ақтөбе облысының ауқымды аумағында барлау жұмыстарымен қамту шаралары айтарлықтай үлес қосты. Осы кезеңдегі 5 жыл ішінде Батыс Қазақстанның мұнай байлығын зерттеу мәселесімен жалпы саны 135 геологиялық және геофизикалық партиялар айналысты. Мұның өзі жұмыс көлемінің еселей артуына мүмкіндік берді. Мәселен, аймақтың мұнай байлығын мемлекет меншігіне өткізгенге шейін жалпы ұзындығы 42328 метр ұңғыма бұрғыланса (жылына орта есеппен 5300 м), 1920 жылдан кейінгі оншақты жыл ішінде 284 метр (жылына орта есеппен 20600 м) ұңғыма бұрғыланды. 1920 жылдан 1929 жылға дейінгі аралықта Орал – Ембі ауданының кәсіпшіліктерінде 1630 мың тонна мұнай өндірілді, бұл көрсеткішреволюцияға дейін өндірілген бүкіл мұнай өнімінен 19 %-ға артық. Мұнай ең көп өңдірілген жыл – 1931 жыл, бұл жылы 417536 тонна мұнай алынды.

Қазақ Автономиялық республикасының Халық Комиссарларының кеңесі 1934 жылдың 29 қаңтарында №86-шы арнаулы қаулы қабылданды, ол «Ембімұнайды» дамыту шаралары туралы» деп аталады. Бұл қаулыға сәйкес, «Ембімұнай» тресіне Қосшағыл және Ескене кенорындарын іске қосу, осы кәсіпшіліктерде электр станцияларын салу және оларды пайдалануға беру, мұнай қоймаларын тұрғызу және су құбырын тарту міндеттері жүктелген. Аталған қаулыда Мақат – Қосшағыл темір жолын салу және бұл жолдың Ескене торабын тарту мәселесіне айырықша көңіл бөлінген. Мұнайшыларды қалыпты тұрмыстық жағдайлармен қамтамассыз ету мәселесі де ұмыт қалмаған Гурьев қаласында және мұнай кәсіпшіліктерінде тұрғын ұйлер тұрғызу, сол сияқты қосалқы шаруашылықтар (бау-бақша, сүт фермалары, мал шарушылығы) ұйымдастыру ұсынылған. Бұл қаулыда құзіретті органдарға мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істеуге 2000 жұмысшы және 1000 білікті құрылыс мамандарын тарту мәселесін шешу жүктелген (Атырау облыстық Мемлекеттік архив, 7-і қор, 1-ші жазба, 38-ші іс, 1-2-ші беттер).

1925 жылы, Еуропада алғашқы геофизикалық тәжірибелер пайда болғаннан кейін (1912-1912 жылдар, Этвеш), Ембі мұнайлы ауданында зерттеудің геофизикалық әдістері қолданыла бастады, атап айтқанда, Б.Нумеровтың басшылығымен Z-40 вариометрмен гравитациялық түсіру әдісі тексеріліп көрілді. Ауырлық күшін айналмалы кірлермен өлшеу картаға түсіру барысында және Каспий маңы ойысы жағдайында күбездердің тұзды ядроларының орналасу тереңдігін анықтауда бірден-ақ өз тиімділігін көрсетті. 1930 жылы «Ембімұнай» тресі жанынан геологиялық барлау кеңсесін құру барысында болашақ кеңес академигі Э.Фотиадидың басшылығымен дербес гравиметрлік сектор ұйымдастырылды. Бұл геологиялық барлау кеңсесі 1932 жылы, жұмыс көлемінің артуына байланысты, трестен бөлініп шығып, дербес «Қазмұнайгеофизика» тресі болып қайтадан құрылды.

1940 жылға дейін 1:100000-1.200000 масштабтардағы 92 картаға түсіру жұмыстары орындалды. 1932 жылдан бастап тұзкүмбезді құрылымдарды саралау барысында 1:25000-1:50000 масштабтарда картаға түсіру жұмыстары пайдаланылды. 1930-37 жылдары Үстірт аумағы маятниктік бойқаулардың сирек торабымен жабылды. 1940 жылы біршама қымбат тұратын Я-40, S-20 т.б. вариометрлердің орнына өнімділігі жоғары, әрі арзандау әр түрлі типтегі гравиметрлер қолданыла бастады.

Сынған толқындар әдісін қолданған алғашқы тәжірибелік сейсмобарлау жұмыстары Ембі мұнайлы ауданында 1929 жылы тұз күмбездерін зерттеу мақсатында жүргізілді. Бұл әдісті қолдану ядроларының пішіні мен орналасу тереңдігін анықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 1934 жылдан бастап тұзүсті түзілімдерін жіктеу мүмкіндігін анықтау мақсатында шағылған толқындар әдісі жүргізіле бастады. 1931-1935 жылдар аралығында сейсмикалық зерттеулердің негізінен сынған толқындар әдісі, азырақ көлемде шағылған толқындар әдісі Торғай ойысында жүргізіліп, ондағы палеозойлық іргетастың орналасу тереңдігі анықталды. 1935-1936 жылдары сейсмобарлаудың сынған толқындар әдісі Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай орналасқан өңірдегі палеозойлық іргетастағы депрессияларды анықтау мақстында қолданылды. 1938-1939 жылдары шағылған толқындар әдісі, ал 1940 жылы сынған ьолқындар әдісі Қызылжар қаласы аймағында Батыс Сібір тақтасының шөгінді түзілімдері астында солтүстікке қарай сұғына түскен Орталық Қазақстан палеозойлық массивін көмкеріп жатқан мезозой-кайнозой қатқабатын жіктеу мүмкіндігіне қол жеткізді. 1934 жылдан бастап сейсмобарлау жұмыстары кең көлемде «Ембімұнай» және «Ақтөбемұнайбарлау» трестері, ал 1939 жылдан бастап «Қазақстанмұнайкомбинаты» тарапынан жүргізілді. Сейсмобарлау жұмыстарының көлемі үнемі артып отырды, және де 35 құрылым ауқымында жүргізілген 5331 км сейсмобарлау кескіндерінің 4620 км-і Батыс Қазақстан аймағына тиесілі болды. Сейсмобарлаудың қалыптасу кезеңі оны нақтылы геологиялық міндеттерді шешу үшін қолданып көру шараларымен орайласты.

Кескіндеу әдісімен электрбарлау жұмыстары алғаш рет 1929 жылы Каспий маңы тұзкүмбезді құрылымдарында Мемгеолком тарапынан жүргізілді. Шлюмберже фирмасымен бірге жүргізілген тік бағытта электрлік зондылау әдісі 1930 жылы басталып, 1934 жылы толығымен тоқтатылды, себебі бұл әдіс арқылы алынған мәліметтерді сандық тұрғыдан саралау мүмкіндігі жоқ болып шықты. 1936 жылы Каспий маңы ойысында алғаш рет теллурлық зондылау әдісі тәжірибеден өтті.

1929 жылдан бастап Доссорда, Ескенеде, Новобогатта, Жаманкейкібаста жүргізілген жүргізілген магнитметрлік жұмыстар бұл әдіс тұзкүмбезді құрылымдарды зерттеуде тиімсіз екендігін көрсетті, сондықтан да 1931-37 жылдар аралығында тек қана өте сирек торапты бақылауға негізделген мемлекеттік магниттік түсіру жұмытары ғана жүзеге асырылды.

Ұңғымада жүргізілетін кәсіптік (каротаждық) геофизикалық зерттеулер Доссор, Мақат («Ембімұнай» тресі) және Мортық, Жуса т.б. («Ақтөбемұнайбарлау» тресі) кәсіпшіліктерде 1932-34 жылдарда жүргізіле бастады. Ұңғымалық каротаж, Шлюмберже фирмасымен бірге отырып, елесті кедеогілер әдісімен және өздігінен полюстену әдісімен жұргізілді. 1938 жыдан бастап барлық құрылымдық-іздестіру ұңғымаларында электрлік каротаж жүргізіліп келеді. Сол жылдары Гурьев қаласында «Ембімұнай» тресінің кәсіпшіліктерін қамсыздандырған дербес электрбарлау кеңсесі құралды (бастығы М.Қадысов). Ақтөбе облысының кәсіпшіліктерінде каротаж жұмыстарын дербес партия жүргізді.

Ембі мұнайлы ауданының дамуы мәселесіне Бүкілодақтық Коммунистік партияның 17-ші және 18-ші съездері үлкен мән берді. Осы съездерде қабылданған құжаттар мұнай байлығын іздеудің негізгі бағыттарын анықтады. Оңтүстік Ембінің мұнай кәсіпшіліктеріне басшылықты жақсарту және Солтүстік Ембінің жаңа аудандарын игеру мақсатында Халық Комиссарлар 1936 жылдың 22-23 желтоқсанында «Ембімұнай» тресінің құрамынан кәсіпшіліктердің Солтүстік (Темір) ауданын бөле отырып, соның негізінде «Ақтөбемұнай» тресін құру жөнінде қаулы қабылданды. Жаңадан құрылған трест бастығы лаузымына ірі маман, өндірістің талантты ұйымдастырушысы, кеңестің көрнекті ғалым-геологы И.М.Губкиннің шәкірттерінің бірі Я.В.Лаврентьев тағайындалды, ол бұған дейін бірнеше жыл «Ембімұнай» тресінің бастығы болған-ды (Байдосов З.Б., Нуржанов Р.Н., «Актюбинская нефть: история и современность» Ақтөбе, 2000ж.).

Жалпы алғанда, ол кезеңнің іздеу-барлау жұмыстары зерттеудің ұтымды кешенін анықтауға мүмкіндік берді, бұл кешенге ең алдымен гравибарлау және сейсмобарлау кірген болатын. Іздеу мен барлаудың геологиялық-геофизикалық жұмыстарын одан әрі жаңдандыру қажеттілігі 1940 жылы республикалық масштабтағы геофизикалық қызметті ұйымдастыруға алып келді. Осылайша Қазақ геологиялық басқармасы жанынан М.Морозовтың басшылығымен геофизикалық топ құрылды.

1935 жылдың қараша айында КСРО Ғылым Академиясының Ембінің мұнай және химия өнеркәсібінің дамуы мәселесіне арналған арнаулы сессиясы болды, онда академик И.Губкин нақтылы міндеттер қойды, ол міндет – елдің шығысында өзінің өнеркәсіптік қуаты жағынан Кавказдағы базадан кем түспейтін мұнай базасын құру. Екінші мұнай базасының ірі бөліктері ретінде Батыс Орал және Орал-Ембі мұнайлы аудандары қаралуы тиіс. Сессияда аталған аймақтарға ғылыми экспедициялар жіберу жөнінде шешім қабылданды. 1936 жылы Ембі өңіріне В.Батуриннің басшылығымен экспедиция аттанды. Экспедиция жұмысына қатынасқан Ю.Косыгин, И.Юркевич, А.Яншин сияқты ғалымдар тарапынан кунгур жікқабатына тиесілі шөгінділердің әр түрлі типтері хатталды, хемоген қатқабаттың кунгурлық көнелігі дәлелденді, ортаңғы юраның шөгінділері жіктемеленеді. Орал-Ембі мұнайлы облысы Хобда және Аралсор гравитациялық максимумдары арқылы екі бөлікке жіктелді, мұнайдың төменнен жоғары қарай жылыстайтындығы жайлы пікір айтылды, осыған сәйкес, таужыныстардың жинақтаушы қабілетін ескере отырып, лықсымыларға жақын мағдардан байқалатын мұнайдың сырт белгілеріне айырықша көңіл аудару қажеттілігі айтылды («Большая Эмба», 1937).

Мұнай саласының дамуы Гурьев облысымен шектелген жоқ. 1930 жылы Шұбарқұдық тұз күмбезінен мұнай аршыған барлау ұңғымасы бұрғылана бастады, бұл жөнінде 1933 жылы академик И.М.Губкин Ғылым Академиясының сессиясында баяндады. Алты жыл өткеннен кейін мұнда мұнай кәсіпшілігі жұмысын бастады және кейінірек «Ақтөбемұнайбарлау» деп аталған «Ақтөбемұнай» тресі құрылды. Ұла Отан соғысы жылдары жақсымай кенорны іске қосылды. 1930 жылмен 1947 жыл аралығында Ақтөбе облысында 90-ға жуық ұңғыма бұрғыланды, ал 1958 жылы сол жылдары алғаш рет анықталған Кеңқияқ тұз күмбезінде крелиустік ұңғыма бұрғыланды. Осылайша өте ірі Кеңқияқ мұнай кенорны ашылды, оны барлау бірнеше жылға созыла отырып, 1962 жылы аяқталды. 1967 жылы бұл кенорын мұнай бере бастады.

1959 жылдан бастап тағы да бірнеше мұнай және газ кенорындары (Бостоғай және Қызылой) ашылды, бұлар 1967 жылы өнім бере бастады. Кейінірек Ембі өзені алабының солтүстік бөлігінен Құмсай, Көкжиде, Мортық т.б. кенорындар ашылды.

60-шы жылдары айтарлықтай тереңдіктерде орналасқан тұзасты түзілімдерінен мұнай мен газ кенорындарын іздеудің мол перспективалары ашылды. Тұзасты түзілімдері алғаш рет Жаңажол, ал 1967 жылы Құмсай іздеу алаңшаларында зерттелді.

1978 жылы Жаңажол мұнай-газ конденсаты кенорнынан, 3000 м тереңдіктен алғаш рет жоғары дебитті мұнай ағымы алынды. Бұл кенорын 1983 жылдан бері игерілуде.

1983 жылы Қожасай және Ұрықтау, ал 1987 жылы Синельников кенорындары ашылды, бұлардағы мұнайдың кәделі қорлары 115 млн т, конденсат 13 млн т, газ ондаған млрд. текше метр.

1996 жылдан бастап Лақтыбай, Жаңатаң, Шығыс Ақжар, Әлібекмола және Қожасай кенорындарында барлау жұмыстары басталды. Оңтүстік Әлібекмола кенорнынан мұнай бұрқағы алынды.

1997 жылдың аяғында Ақтөбе облысы ауқымындағы тұзүсті кешенінде 7 мұнай кенорны, ал тұзасты кешенінде 6 мұнай және 4 мұнай-газ конденсат кенорындары белгілі болды.

2000 жылы Лақтыбай кенорнын барлау аяқталды, мұнда мұнай тұзасты түзілімідерінде 4500 м тереңдікте орналасқан. Өткен ғасырдың аяғында Ақтөбе облысы мұнайдың өнеркәсіптік қоры бойынша республикада үшінші орынға (900 млн т), ал газ қоры бойынша төртінші орынға (200 млн текше метр) шықты.

Соғысқа дейінгі басжылдықтарда Батыс Қазақстанда, негізінен Ембі ауданында, 53-ке дейін геологиялық барлау, 60 шамалы геофизикалық партиялар жұмыс істеді. Геологиялық зерттеулердің нәтижесі 1939-41 жылдары басылып шыққан L-38, V-38, L-39 беттердің 1:1000000 масштабтағы Мемлекеттік геологиялық карталарында кескінделген.

«Ембімұнай» комбинаты өзінің негізгі қызметі болып табылатын мұнай мен газ өндірумен қатар жұмыс істеп тұрған мұнай кәсіпшіліктері өңірі есебінен оның қорын өсіру мақсатында азын-аулақ мөлшерде іздеу және барлау бұоғыларын да жүзеге асыратын. Мұндай жұмыстар негізінен Оңтүстік Ембі аумағында жүргізілді, мұнда 10-нан астам кенорын игерілуде болатын. Мәселен, 1935 жылы «Ембімұнай» комбинаты Қосшағыл күмбезіндегі №6 ұңғыманы бұрғылау барысында мұнай бұрқағы алынды, бұл кенорын бір жыл ішінде игерілуге берілді.

Мұнай өнімі артқан сайын оны тасымалдау проблемасы да арта түсті, бұл жұмыс негізінен бұрын темір жол және су көліктерімен ғана атқарылатын. Рас, 30-шы жылдарысалынған Доссор-Гурьев мұнай құбырының, әсіресе Ақтөбе облысының кәсіпшіліктері арқылы өтетін Каспий-Орск мұнай арнасының халық шаруашылындағы маңызы орасан болатын. Каспий-Орск мұнай құбыры үш жыл ішінде салынып, 1935 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Бұл құбыр арқылы Ембі мұнайының 65%-ы Орскіге айдалатын.

30-шы жылдары іздеу-барлау жұмыстарының қарқынды сипат алуы және жаңа кенорындарының ашылуы басталып кету қаупі жылдан-жылға жақындап келе жатқан соғыс өрті тұтанып кеткен жағдайда еліміздің шығысында мұнай-газ өндіру өнеркәсібінің берік шикізат базасын қалыптастыру қажеттілігінен туындады. 1937 жылы «Қазмұнайбарлау» тресі Күлсары кенорнын ашты, «Қазақстанмұнай» комбинаты («Ембімұнай» таратылғаннан кейін) тарапынан жүргізілген мұнай іздеу жұмыстары Норманданак, Бекбике және Жолдыбай кенорындарының ашылуыны және аздған жылдар ішінде-1941-1942 жылдары – игеруге берілуіне мүмкіндік берді. Осылайша 30-шы жылдары және 40-шыжылдардың басы Оңтүстік Ембінің негізгі мұнай-газ кенорындарының ашылуымен және бұрыңғы КСРО-ның шығысында мұнай-газ өнеркәсібінің берік шикізат базасы қалыптасуымен ерекшеленеді. 1940 жылы мұнай өндірудің жылдық көрсеткіші 750 млн тоннаға жетті.

Алайда, Каспий маңы аймағының зерттелу дәрежесі әр түрлі болатын: жоғары дәлдікпен сипатталатын геологиялық-геофизикалық зерттеулер Эльтон, Басқұншақ, Индер аудандарында және Ембі ауданының жекелеген мұнай кенорындарында жүргізілді, ал Орталық Каспий маңының ауқымды аумақтары тіпті байқаулық маршруттық түсірімдермен де қамтылмаған болатын. Сол жылдары белгілі болатын 400-ге жуық перспективалы құрылымдардың 38-інде ғана барлау бұрғылауы жүргізілді.

Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдар) бүкіл ел үшін үлкен сын болды. Өз қызметін уақытша тоқтатқан Майкоп және Грозный мұнайлы аудандарының өндірісін алмастыру мақсатында Қазақстанда мұнай өндіру қарқынын барынша жоғарлату ең маңызды әскери-шаруашылық мәселеге айналды, оны табысты шешу еліміздің халық шаруашылығының кезек күттірмейтін қажеттіліктерін қанағаттандыруға және Кеңес әскерінің соғысу қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін.

Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті 1942 жылдың желтоқсан айында Доссор мұнай кәсіпшілігінде партия-шаруашылық жиналысын өткізді, сол жиналыста мұнай кәсіпшіліктері жұмысын жақсарту және мұнай өнімін арттыруға қажетті қосымша ресурстарды тарту жөнінде нақтылы кешенді шаралар жасақталды.

Орал-Ембі ауданы мұнайшылардың әрбіреуі соғыс жылдарында екі-үш адам үшін жұмыс істеді, барлық мұнай кәсіпшіліктерінде майдан бригадалары құрылды. Бұл жылдары сұйықты жеделдете алу, қосымша тесіктер тесу, дебиті аз горизонттарды торпедалау, бірнеше горизонттарды бірге игеру, игерудің қайталама әдістерін өндіріске еңгізу т.с.с. прогрессиялық әдістер қолданылды. Материалдық-техникалық шығынның азырақ мөлшерімен ұңғымаларды тезірек бұрғылау шаралары жүзеге асырылды. Көптеген материалдар мен цементті үнемдеуге мүмкіндік беретін кондукторсыз бұрғылау игерілді. Барлаушылар Ембіден үш жаңа кен орын ашты, олар соғыс жылдарының өзінде-ақ өнеркәсіптік игерімге беріліп, мыңдаған тонна сапалы мұнай берді. Жаңа кәсіпорындар ашылды, Гурьев қаласында ірі мұнай өңдеу зауыты салынды (Т.Шаукенбаев, «Экономика нефтяной промышленности Казахстана». «Қазақстан» баспасы, Алматы, 1974 ж.).

1941-45 жылдары жылына орта есеппен 800 мың тонна мұнай өндірілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында геологиялық зерттеулер Орал-Ембі мұнайлы облысында шоғырланды. Іздеу-түсіру және сейсмобарлау жұмыстарының, карталау және құрылымдық-іздеу бұрғылауының айтарлықтай көлемі Нармонданак, Құзбақ, Қызылжар, Мүнайлы, Қошқар, Дүйсеке т.б. тұз күмбездері өңірлеріне шоғырландырылды. Күмбездердердің кейбіреуі терең бұрғылау арқылы өнеркәсіптік барлауға берілді. Бұл жұмыстар барысында мұнайдың өнеркәсіптік жатындары Мұнайлыда, Жолдыбайда, Нармонданакта және Күлсарыда белгілі болды, бұлар 60-шы жылдары игерудің негізгі нысандары рөлін атқарды. Маңғыстауды зерттеу жалғасып жатты. Маңғыстау геологиялық барлау экспедициясының аға геологы Чувелев құрастырған «Краткая пояснительная запсиска. К вопросу о полезных ископаемых на Мангышлаке» деген еңбекте былай делінген: «Маңғыстаудағы таужыныстар құрылысының антиклиндік сипатты иемдену, кейде диапиризмнің көрініс беруі (Орал-Ембі ауданындағы сияқты ағымдану ядроларының болуы) аңғарында, Форт-Шевченкодан 50 км қашықтықта Ханга-баба антиклинінің төменгі бор түзілімдерінде мұнайлылықтың анық белгілері бар таужыныстар табылды» (маңғыстау облытық мемлекеттік архиві, 17-ші қор, 1-ші жазба, 626-шы іс). Бұл деректер Маңғыстауды одан әрі зерттеуге негіз болды.

Мұнайға деген перспективасы бар құрылымдарды анықтауға геофизикалық зерттеу әдістерінің жоғары тиімділігі 1943 жылы Мемлекеттік геофизикалық трестің Қазақ бөлімі құрылуына себепші болды. Бұл трест кейінірек арнаулы «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі болып өзгертілді. Трестің құрамында 5 геофизикалық партия болды. Бұрғылау станоктары паркінің мүмкіншіліктері шектеулі болуы мұнайдың барланған қорын еселей арттыруды қамтамасыз ете алмады, бүкіл іздеу жұмыстары соғыс жылдары Оңтүстік Қошқар (1943 ж.) және Тентексор (1944 ж.) сияқты кенорындар ашылған тұзүсті түзілімдерін зерттеугу ғана шоғырландырылды. Мұнай құбырларының салынуы және Гурьев (Атырау) қаласында мұнай өңдеу зауытының тұрғызылуы жаңа кенорындарды жеделдете іздеу қажеттілігін туындатты.

Соғыстан соңғы кезеңде КСРО Үкіметі республиканың бұрғылау және құрылыс жұмыстары қарқынын өсіруге бағытталған бір топ арнаулы шешімдер қабылдады. Құрылыс және барлау жұмыстарын күшейту мақсатында «Қазақстанмұнайқұрылыс», «Қазақстанмұнайбарлау», «Ақтөбемұнайбарлау» арнаулы трестері және Мемлекеттік геофизикалық трестің қазақстандық бөлімшесі құрылды. Кәсіпшіліктерде қуатты бұрғылау станоктары, негізгі тізбектегі станок-ырғалғыштар, тракторлық көтергіштер кеңінен қолданыла бастады. Ембідегі бұрғылау жұмыстарының бағыты да өзгерді. Егер Отан соғысы жылдарында барлау бұрғылауы негізінен бұрыннан бар материалдық базаларының төңірегінде жүргізілсе, соғыстан соңғы жылдары бұл жұмыстар жаңа кенорындар ашу үшін барынша перспективалы деп есептелген Ембінің оңтүстік-шығыс аудандарына көшірілді. Ал «Ақтөбемұнайбарлау» тресі өз жұмысын Ақтөбе өңіріне шоғырландырылды. Құлсарыдан мұнайдың ірі жатыны ашылуы және Төлестің өнеркәсіптік мұнайлылығы анықталуы маңызды оқиға болды (Промышленность Казахстана за 40 лет. Қазақ мемлекеттік баспасы, 1957 жыл).

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдар бір топ кенорындарының ашылуымен ерекшеленеді, олар: Мұнайлы және Оңтүстік Төлес (1947 ж.), Қаратон (1948 ж.), Төлес (1950 ж.), Қарсақ (1951 ж.). Аталған кенорындардың іске қосылуыжылдық мұнай өнімін 1,5 млн т-ға дейін өсіруге және барланған қорлардың еселей артуына мүмкіндік берді.

1946 жылдан бастап Каспий маңы ойысындағы геологиялық барлау жұмыстарының көлемі күрт өсті, геофизикалық зерттеулер жүргізілді, терең тіректі және параметрлік ұңғымалар бұрғыланды. Батыс Қазақстанның ауқымды аумағындағы іздеу-түсіріу, әуегеологиялық жұмыстар карталық бұрғылаумен, геофизикалық, геохимиялық, геоботаникалық т.б. зерттеулермен ұштастырыла жүргізілді. Каспий маңы ойысын зерттеу барысында гравиметрлік түсіруді, карталық бұрғылауды, сейсмобарлауды және құрылымдық-іздеу бұрғылауын біріктіретін мұнай іздеу жұмыстарының ұтымды кешені қалыптасты. 1946 жылы М-40 және L-40 беттердің 1:1000000 масштабтағы карталары басылып шықты. Мұнымен қоса 1:200000 масштабтағы геологиялық картаға түсіру жұмыстары да жүргізілді. Каспий маңы ойысының батыс бөлігіндегі жұмыстарды ВНИГНИ-дің Оңтүстік-Батыс экспедициясы, ал ойыстың солтүстік жиегіндегі жұмыстарды «Одақмүнайбарлау» тресінің Одақтық геологиялық іздеу кеңесінің қазақстандық экспедициясы атқарды. 1948 жылдан бастап каспий маңы ойысы аумағында Әуегеологиялық экспедициясы өз жұмысын бастады. Әр түрлі мұнайлы аудандарда барлау жұмыстары қарқынды жүргізілді, бұл жұмыстар Ембіде жаңа кенорындардың ашылуына мүмкіндік берді, олар – Тереңөзек (1951 ж.), Тәжіғали (1956 ж.), Қараарна (1957 ж.). Жылан құрылымының (Ақтөбелік Орал маңы) өнеркәсіптік мұнайлылығы анықталды. Батыс Қазақстанның геологиясына, тектоникасына және мұнайлылығына арналған соғыстан кейінгі жылдары жарияланған көптеген еңбектердің ішінде А.Яшиннің, Ю.Никитиннің, Ю.Косыгиннің, А.Авровтың, Г.Айзенштадтың, Н.Неволиннің, В.Вахромеевтің т.б. еңбектері айырықша маңызды болды.

Соғыстан кейінгі кезеңде сейсмобарлау, дала және тыңғылықты өңдеу жұмыстарының әдістемелері мен техникасы тез арада жетілдірілді, социолографиялық жазбалы көп арналы сейсмикалық станциялар жасалды. Солтүстік Үстірт, Ақтөбелік Орал маңы, Орал-Еділ арасы, сол сияқты Торғай, Теңіз ойыстары мен батыс Сібір тақтасының оңтүстік өңірі зерттелді.

1948 жылдан бастап сынған толқындардың сәкестендіру әдісі кеңінен қолданыла бастады. 1947-1948 жылдары Каспий маңы ойысында аймақтық сейсмикалық зерттеулер жүргізіле бастады. Тұңғыш көрініс беру әдісімен жүргізілетін жұмыстар Торғай ойысында және Ертіс маңындажүзеге асырылды.

1955 жылдан бастап тұрақты түрде жүргізілетін сейсмикалық зерттеулер Оңтүстік Маңғыстау аумағын қамтыды, Жаркент ойысымы бойынша сынған толқындардың сәкестендіру әдісімен алынған алғашқы кескіндерді сараптау шаралары басталды. Гравиметрлермен түсіру саны 35-ке, вариометрлермен түсіру саны 22-ге жетті, яки бұл түсірулердің сандық көрсеткіштері де өсті. Ембі ауданында және Ақтөбелік Орал маңы аймағында 1:100000 және 1:200000 масштабтағы түсірулер нәтижесінде тұз штоктары анықталды, галогендік жаралымдар таралуының шығыс шекарасы анықталды. Мұнай мен газға деген перспективалы аудандарды зерттеу мақсатындағы түсірулер Солтүстік Қазақстанда және Іле ойысында жүргізілді. 1950 жылы гравиметрмен түсіру вариометрлік түсірулерді толығымен алмастырды, сөйтіп соңғылары мүлдем сирек қолданылатын болды. 1953-54 жылдар аралығында Зайсан және алакқл ойыстары аумағында жүргізілген 2 мг арқылы 1:200000 масштабта түсіру шаралары аяқталды. 1953 жылдан бастап 1:200000 масштабтағы түсірулер Үстіртте, Солтүстік Арал маңында жүргізілді. Шу-Сарысу ойысы ауқымында 1:200000-1:500000 масштабтардағы түсірулер жүзеге асырылды. Батыс Қазақстанның мүнай мен газға перспективалы аудандарында негізінен 4 мгл изосызықтар арқылы 1:200000 масштабтағы түсірулер дамыды. Электрбарлау жұмытары бұл кезеңде қарқында дами қойған жоқ, олардың әр түрлі модификацияларының мүмкіндіктерін анықтауға арналған тәжірибелік зерттеулер ғана мұнай мен газға деген кейбір перспективалы аудындар ауқымында жүргізілді.

1:1000000 – 1:5000000 масштабтардағы аймақтық әуемагниттік түсірулер 1959 жылдан бастап қолданыла бастады. Олардың Батыс Қазақстан аумағындағы көлемі 956,5 мың шаршы км-ге жетті. АЭМ-49 приборымен жүргізілген әуемагниттік түсіру түсірудің дәлдігін арттыруға (+20 гаммнан +5 гаммға дейін) және шөгінді алаптардың іргетасы құрылысының ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Кәсіптік (каротаждық) қызмет 1946 жылы дербес Гурьев мұнай кеңсесіне дараланды. Осы жылдан бастап каротаждық жұмыстар кешенінде дәстүрлі әдістермен қатар инклинометрия, бүйірілік каротаждық зондылау, ұраметрия, термометрия жүргізіле бастады.

Батыс Қазақстан аймағының жер қойнауын кешенді түрде саралауға арналған республикалық ғылыми зерттеулердің қалыптасуына 1949 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтің пәрменімен Гурьев қаласында өткізілген ҚазКСР Ғылым Академиясының көшпелі сессиясы үлкен рөл атқарды. Сол кісінің басшылығымен өткен, мұнай геологиясының, оны өндірудің бұрғылау техникасы мен технологиясының кқрнекті ғалымдары мен мамандары қатысқан бұл сессияда көмірсутектерді іздеу мен барлаудың, өндіру мен тасымалдаудың, мұнай химиясының көкейтесті проблемалары талқыланды. Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Сол сияқты, 1959 жылы Гурьев қаласында өткізілген мұнай мен газға деген іздеу, барлау және игеру жұмыстарының тиімділігі проблемасына арналған Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференцияда да маңызды рөлді иеленді. Академиктер Қ.И.Сәтпаев пен А.Л.Яшиннің мұнай іздеу жұмыстарының ауқымын көне Ембіден тысқары аймақтарға шығу және бұрын аршылмаған тереңдіктерді аршу арқылы арттыру идеясы көп кешікпей-ақ ғалымдар тарапынан негізделді және өмірге енгізілді. Бұл орайда В.Федынскийдің, Н.Байбаковтың, П.Авровтың, Б.Дьяковтың, Н.Неволиннің, Ю.Васильевтің, М.Чарыгиннің, С.Оруджаевтің, П.Еникеевтің, С.Өтебаевтің, Н.Калининнің, Ж.Досмұхамбетовтың, Н.Имашевтің, Г.Хакимовтың т.б. еңбектерін айырықша атауға болады.

1956 жылы Қазақ КСР Геология министрлігі құрылды, бұл республиканың минералдық шикізат ресурстарын, оның ішінде көмірсутек шикізатын одан әрі өркендетуге бағыттаоған геологиялық барлау жұмыстарының бүкіл кешенін бір орталықтан жоспарлауға және бағдарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сол жылдары Батыс Қазақстандағы мұнай іздеу және мұнай өндіру жұмыстарын «Қазақстанмұнай» бірлестігі, «Ақтөбемұнайбарлау», «Оралмұнайбарлау» «Әуегеология» трестері, Қазақстан геофизикалық кеңсесі т.с.с. мекемелер жүргзді, бұлардың басым көпшідігі республиканың Геология министрлігінің құрамына кірді. 1958 жылдың аяғында Гурьев қаласында ҚазКСР-дың Геология және дер қойнауын қорғау министрлігі Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын құрды, оның қарамағына осы аймақтағы бүкіл мүнай іздейтін бұрғылау мекемелері де топтастырылды. Батыс Қазақстан геологиялық ьасқармасының басшылары болып жұмыс істегендер – Н.Гершман, Ж.Телишев, Е.Иванов, В.Васильев, Э.Липсон, Т.Жұмағалиев, Б.Хахаев, Б.Өтебаев, С.Балғымбаев, Р.Бердіғожин, Г.Хаиров, ал геологиялық қызметті басқарғандар – Н.Имашев, С.Берман, С.Құрманов, Т.Нысанов, Э.Воцалевский, Б.Қуандықов, Б.Есқожаев.

1959-60 жылдары Кеңқияқтан (Ақтөбе облысы) және Прорвадан мұнайдың ірі жатындары табылды. Прорвадағы алғашқы терең ұңғыма 1960 жылдың 11 тамызындамұнай мен газдың қуатты бұрқағын берді. Орал-Ембі аралығындағы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту нәтижесінде Мартыши (1962), Оңтүстік-Батыс Қамысты (1962), Жаңаталап (1964), Гран және Октябрь (1969) сияқты жаңа кенорындар ашылды. Ембіден мұнай өндіру 1968 жылы 2 млн т-ға, ал 1972 жылы 3 млн т-ға жетті. 60-шы жылдардың бас шенінде роторлық бұрғылауды жылдамдығы әлдеқайда жоғары турбиналық бұрғылау алмастырды, бұрғылау станоктарының паркі ірілене түсті, олрдың техникалық мүмкіндіктері әлдеқайда артты, сөйтіп 3-4 км тереңдікке дейін бұрғылау мүмкіндігінеқол жеткізді. Мұның өзі ең алдымен Каспий маңы ойысының аймақтық тұрғыдан терең, теректі және параметрлік ұңғымалар бұрғылау арқылы және эерттеудің барлық сатыларында барлаудың геофизикалық әдістері кешенін (сейсмобарлау, гравибарлау, каротаждың барлық түрлері) үнемі қолдана отырып зерттеуге мүмкіндік берді. Осы іс-шаралармен қатар саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан түбегейлі түрде жетілдіру және мұнай алу қарқынын одан әрі жоғарлату (аумақтық су айдау, қойнауқатты гидравликалық жарғылау, ұңғыма оқпаны маңын химиялық өңдеу, сұйықты жеделдетіп алу, теспелеудің әртүрлі түрлерін қолдану, өндірудің жабық (тұмшаланған) жүйесін қолдану т.б. әдістер) шаралары іске асырылды.

50-ші жылдардың аяғы және 60-шы дылдардың бас шені мұнай іздеу жұмыстары ауқымына жаңа аймақтардың, бірінші кезекте Оңтүстік Маңғыстау ауданының тартылуымен сипатталады. Бұл аудандағы мұнай және газ кенорындарын барынша дәлірек барлау мақсатында 1957 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құрамында «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылды, ол кейінірек Қазақ КСР Геология министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының құрамына өтті.

Ірі қалалардан, темір жол мен су жолдарынан қашық орналасқан елсіз де сусыз шөл аймақта, тез аралықта ірі мұнайлы-газды жаңа алап – Оңтүстік Маңғыстау алабы ашылды.

1961 жылы Өзен құрылымында №18 құрылымдық ұңғыманы бұрғылау барысында 367,5 м тереңдіктен Оңтүстік Маңғыстауда алғаш рет газ бұрқағы алынды, осыдан кейін Өзен аланшасында барлау бұрғылауы күшті қарқынмен жүргізіле бастады. Мұның нәтижесінде №1 барлау ұңғымасын сынамалау барысында 1248-1261 метр тереңдіктер аралығынан 10 мм-лік штуцердегі дебиті тәлігіне 80 текше метр мұнай бұрқағы алынды. Кейінірек Өзен алаңшасында мұнайдың өнеркәсіптік жатыны бар екендігі №2 және №22 ұңғымалар арқылы жоғарыда аталған горизонттан тағы да мұнай бұрқақтары алынуымен толықтай дәлелденді. 1959 жылы Жетібай құрылымында іздеу бұрғылауы басталды. 1961 жылы осындағы №6 барлау ұңғымасынан мұнай бұрқағы алынды. Осылайша 1961 жылы Оңтүстік Маңғыстаудан екі бірдеймұнай кенорны – Өзен мен Жетібай – ашылды.

Маңғыстаудың мұнайлы-газды кенорындарын игеру мәселесіне үлкен мән бере отырып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1962 жылдың 19 қаңтарында «Маңғыстау түбегінде және Каспий маңы ойысының оңтүстік-шығыс бөлігі аумағында жүргізілетін мұнай мен газға деген геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын күшейту және осы аудандарда ашылған мұнай кенорындарын игеруге дайындау туралы» деп аталатын арнаулы қаулы қабылданады. Оңтүстік Маңғыстау байлығын өнеркәсіптік игеру мақсатында 1964 жылдың қаңтарында «Маңғыстаумұнай» өнеркәсіптік бірлестігі құрылды. Тыңнан табылған мұнайлы өлкені игеруге Әзербайжаннан, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Краснодар және Ставрополь аймақтарынан мыңдаған білікті мамндар мен тәжірибелі инженер-техникалық қызметкерлер тартылды. Ералиев, Жетібай сияқты мұнайшы кенттері мен Жаңаөзен қаласы пайда болды. Қазақ КСР Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен министрлер Кеңесінің 13 ақпандағы №123 Қаулысына сәйкес, «Маңғыстаумұнай» Бірлестігі бойынша 1964 жылдың 3 шілдесінде «Өзен мұнай кәсіпшілігі басқармасын құру» деп аталатын №27 арнаулы бұйрық шықты. 1965 жылдың 10 маусымында Маңғыстаудың алғашқы мұнайы темір жол арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді (Т.Шаукенбаев, «Экономика нефтяной промышленности Казахстана», «Қазақстан» баспасы, Алматы, 1974 ж.). Өзен және Жетібай сияқты аса ірі кенорындары бар Оңтүстік Маңғыстау мұнайлы-газды аймағы ашылғаннан кейін мұнайдың өнеркәсіптік категорияға тиесілі барланған қоры 20 есеге, ал жылдық өнім 14 есеге артты. Кейінгі 10 жыл ішінде Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай т.б. жаңа кенорындар ашылып, олар барланды және игерілуге берілді.

Мұнай өнімнің еселей артуына байланысты оны Гурьев мұнай өңдеу зауытына және КСРО-ның өзге де зауыттарына тасымалдайтын мұнай құбырларын салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Аз уақыт аралығында, екі-ақ жылдың ішінде бұл мұнай құбыры тартылып үлгерілді, сөйтіп Маңғыстау мұнайын тасымалдау проблемасы шешілді. 1969 жылы Өзен – Гурьев – Куйбышев (Самара) мұнай құбырының бірінші кезегі іске қосылды. Жоғары парафинді мұнайды «ыстық мұнай құбыры» арқылы тасымалдау шаралары тұңғыш рет Маңғыстауда жүзеге асырылды. Маңғыстау мұнайы ұзындығы 700 км-лік жерасты арнасы арқылы Гурьевке жеткізілді. Темір жолдың ұзындығы 150 км-лік Өзен – Шевченко тармағы салынды (В.Кольцов, «Темпы и пропорций развития промышленности Казахстана», «Қазақстан» баспасы, Алматы, 1970 ж.). Мұнай өндірудің жоғары қарқанын қалыпты жағдайда сақтап тұру үшін ұңғымаларды игерудің газлифтік тәсілі өндірісі енгізілді, дүние жүзінде бірінші рет қойнауқатқа ыстық су айдайтын өнеркәсіптік қондырғы қолданылды. Маңғыстау кенорындарының ашылуы және олардың тез арада игерілуі мұнайдың барланған қорларының еселей артуына, сөйтіп Қазақстанның бұрыңғы КСРО-дағы жетекші мұнай өндіретін республикаларының біріне айналуына септігін тигізді. 70-ші жылдарда мұнайды іздеу мен барлау жұмыстары Бозащы түбегіне қарай ойысты, бұл жұмыстар Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас сияқты кенорындардың ашылуымен аяқталды.

Батыс Қазақстандағы зерттеудің соғыстан соңғы жылдардағы тарихында бұл өңірдің көмірсутек шикізатына деген перспективаларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге және іздеу-барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға 1946 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтің пәрменімен Батыс Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеу мақсатында әдейі ұйымдастырылған Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасының қызметкерлері айтарлықтай үлес қосты. Бұл база 1956 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Мұнай институты, ал 1960 жылы Геология және геофизика институты болып қайтадан құрылды, соңғы құрылымдық өзгеріс барысында Институттың химия бағытындағы бөлімшелері Химия және табиғи тұздар институты болып жеке отау тікті. 1963 жылы Геология және геофизика институты республиканың Геология министрлігінің қарамағына берілді, ол 1972 жылдан бастап Қазақ мұнай барлау ғылыми-зерттеу институты (ҚазНИГРИ) деп аталатын болатын. ҚазНИГРИ Каспий маңы ойысының, Оңтүстік Маңғыстаудың, Бозащы түбегінің шөгінді тыстарының тереңдік геологиялық құрылысын анықтау бағытында маңызды зерттулер жүргізді, осы зерттуелер негізінде аймақтардың мұнайгаздылығы перспективаларын ғылыми тұрғыдан болжау шараларын жүзеге асырды, мұнай-газ шоғырлану белдемдерін даралап, геологиялық барлау жұмыстарының ұтымды бағыттарын негіздеді. Институт Қазақстан аумағын олардың перспективаларына қарай мұнайгазгеологиялық аудандастыру шараларын жүзеге асырды, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасымен және Мәскеудің ВНИГНИ институтымен біріге отырып Қазақ КСР-ның 1:500000 масштабтағы мұнай мен газға болжау картасын құрастырды (1978 жылы басылып шықты), сол сияқты кейбір ғылыми-зерттеу және өндірістік мекемелермен біріге отырып Каспий маңы провинцияларының 1:1000000 масштабтағы карталар сериясын жасақтады (1968 ж.). институт геология, бұрғылау және ұңғыманы бекіту технологиясы, геохимия, көмірсутек жүйелерінің фазалық жағдайы т.с.с. бағыттардағы зерттеулер кешенін қазір де жалғастыруда.

Батыс Қазақстан мұнай барлау өндірісінде Аралсор және Биікжал аса терең ұңғымаларын бұрғылау (7000 км-ге дейін) және тұзасты таужыныстар кешенінің мұнайлылығын негіздеу шаралары ірі оқиғалардың санатына жатады. Гурьев қаласында құрылған «Қазмұнайгазбарлау» басқармасы (бас геологы С.Құрманов, Т.Нсанов, Э.Воцалевский) тұзасты түзілімдеріндегі мұнайлы-газды жатындарды аршу мақсатын көздеген терең ұңғымалар бұрғылау ісіне 1972 жылы кірісті. Көп кешікпей-ақ Жаңажол тұзасты кенорны (бас геологы С.Камалов) ашылды. 70-ші жылдарда басталған тұзасты кешендерін аршуға бағытталған бұрғылау жұмыстары 1980 жылы дүние жүзі бойынша ғаламат ірі кенорындардың алғашқы бестігіне кіретін Теңіз мұнай кенорнының (бас геологтары Ж.Досмұхамбетов, М.Балғымбаев) ашылуына мүмкіндік берді.

Іздеу жұмыстарының нәтижелілігін қамтамасыз етуде техникалық қамсыздандыру шараларының кеңи түсуі, жұмыс көлемінің артуы, геофизикалық зерттеу әдістеріне жаңа әдістемелердің енгізілуі үлкен әсер етті. 1957 жылы Қазақ геофизикалық тресінің құрамына Гурьев мұнайкәсіпшілік кеңсесі берілді, ол 1960 жылы «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі болып бөлініп шықты (бастығы Г.Хакимов). 1960 жылы Алматы қаласында Бүкілодақтық барлау геофизикасы институтының Қазақ бөлімшесі ұйымдастырылды. 1962 жылы «Қазгеофизтрестің» жөндеу шеберханасының негізінде «Қазгеофизприбор» эксперименттік зауыты құрылды. 60-шы жылдардың орта шеніне қарай Қазақстанның геофизикалық қызметі құрамында 6 экспедициясы және «Қазгеофизприбор» зауыты бар Қазақ геофизикалық тресінен, 4 экспедициясы бар «Қазақстанмұнайгеофизика» тресінен, сол сияқты аумақтық геологиялық басқармалар құрамындағы 7 жекелеген геофизикалық экспедициялардан және бірнеше партиялардан құралды. Бұл жылдары мұнай іздеу геофизикалық жұмыстарының басым бөлігі Гурьев, Орал, Ақтөбе, Тұрлан (Шымкент қаласы), Іле (Алматы қаласы) геофизикалық экспедициялары, сол сияқты Қазақ КСР Геология министрлігінің құрамына кіретін Батыс Қазақстан (Гурьев қаласы) және Маңғыстау (Шевченко қаласы) кәсіптік-геофизикалық экспедициялар тарапынан жүргізілді. 1972 жылы республиканың Геология министрлігінің тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы құрамында алғаш рет мамандырылған есептеу орталығы құрылды. Бұрыннан белгілі кенорындырдың қорларын арттыру және оларды толығымен барлау мақсатындағы сейсмикалық, кәсіптік және гравиметрлік жұмыстарды жүргізу қажеттілігіне байланысты КСРО-ның Мұнай өнеркәсібі министрлігі Қащақстанда тағы да екі геофизикалық трест ашты, олар – Шевченко қаласында 1966 жылы құрылған «Маңғыстаумұнайгеофизика» және 1974 жылы Гурьев қаласында құрылған «Ембімұнайгеофизика» трестері.

1972 жылы Геология министрлігінің геофизикалық трестері таратылды, ал экспедициялар аумақтық геологиялық басқармалардың қарамағына берілді. Алайда, геофизикалық қондырғылар мен мамандарды жекелеген мекемелерге шашыратып жіберу нәтижесінде геофизикалық аппараттармен жабдықтау мәселесі нашарлап кетті, геофизикалық зерттеулерге деген ілтипат төмендеді, жұмыс көлемі мен сапасы кеміп кетті. Осындай жағымсыз тенденцияның алдын алу мақсатында 1981 жылы «Қазгеофизика» бірлестігі құрылды, оның қарамағына Геология министрлінің бүкіл геофизикалық экспедициялар, сол сияқты жаңадан құрылған Маңғыстау және Алматы геофизикалық экспедициялары берілді.

Бұл кезеңде сейсмикалық зерттеулер күшті қарқынмен дамады. Реттелген бағдарлы қабылдау әдісі мен ұңғымалық сейсмобарлау қолданыла бастады. Реттелген бағдарлы қабылдау әдісі кейінірек жүзеге асырылған толқындарды селекциялау және қосу тәсілдерінің алғашқы қарылғашы болатын, алайда аппаратураның жетілмегендігі салдарынанөте қолайсыз және технологиялық тұрғыдан жөнді қамсыздандырылмаған еді. 1962 жылдан бастап «Қазгеофизтрест» мұнай мен газды тікелей іздеу проблемасы бойынша шағын-шағын жұмыстар атқарды. Іздеу геофизикалық жұмыстарына Шығыс Қазақстанның шөгінді алаптары кеңінен тартыла бастады. 1956-61 жылдар аралығында гравиметриямен және электрбарлаумен ұштастырылған сейсмикалық зерттеулер Жаркент ойысымында, Балқаш, Алакөл және Қарқара ойыстарында жүргізілді. Шу-Сарысу мен Сырдарья депрессиялы ауқымында мұнай іздеу жұмыстары 1958 жылы басталды.

1971 жылдан бастап ауыспалы толқындар әдісінің бір рет кескіндеу тәсілінің орнына ортақ тереңдік нүктесін бірнеше рет бақылау жүйесі қолданыла бастады. Сүйір бағдарланған кескіндеу әдісі, ұңғымалық сейсмобарлау әдістері, тік бағытта сейсмикалық кескіндеу әдісі, қаратылған годографтар әдіссі сынақтан өтіп қндіріске енгізілді. Кескіндік сейсмобарлаумен (2D) қатар 70-ші жылдардың аяғында бақылаудың кеңістік жүйелері дами бастады, бұлар «кең кескіннен» үшөлшемді сейсмобарлауға (3D) дейінгі аралықта дамыды. Ең ірі 3D түсірулері 70-ші жылдардың екінші жартысында, 80-ші жылдардың басында Теңіз және Қарашығанақ кенорындарында жүргізілді.

Гравиметрлік түсірулер бұл кезеңде жыл сайын 200 мың шаршы км аумақты қамтып отырды. Қазақстан аумағы түгелімен 2 мгл арқылы жүргізілген изосызықтар кесіндісімен сипатталған 1:200000 масштабтағы түсірумен көмкерілді, ал Каспий су айдыны ауқымында 1:100000 масштабтағы түсіру шаралары жүзеге асырылды. Мұнай мен газға деген перспективалары бар алаптар ауқымының 10%-ы 1:50000 масштабтағы, кейбір жекелеген бөлікшелер 1:25000-1:10000 масштабтарда түсірулермен жабылды. І, ІІ және ІІІ санаттардағы өте дәл мемлекеттік тіректік гравиметрлік торап құрылды. Әр түрлі масштабтағы гравиметрлік карталар баспаға дайындалды.

Электрбарлаудың алуан түрлі модификациялары мен тәсілдері сынақтан өткізілді, олар: тік бағытта электрлік зондылау әдісі; қосөрісті электрлік зондылау әдісі; шақырылған потенциалдар әдісі; өрісті қалыптастырып зондылау әдісі; табиғи өріс әдісі; теллурлық тоқтар әдісі; магниттік-теллурлық кескіндеу әдісі; магниттік-теллурлық зондылау әдісі т.б. Шөгінді алаптарды әуемагниттік түсіру шаралары 1:1000000-1:50000 масштабтар аралығында жүргізілді. Республиканың бүкіл аумағы 1:200000 масштабтағы магниттік өріс карталарымен қамтамасыз етілді, мұнай мен газға перспективалы алаңдардың 90%-ы 1:50000 масштабтағы түсірумен қамтылды. Кәсіптік-геофизикалық (каротаждық) зерттеулер әрбір ұңғыманы бұрғылау барысында және геологиялық барлау процесінің барлық сатыларында жүргізіліп отырды. Міндетті түрде орындалуы тиіс жұмыстар кешеніне микрозондтармен жұмыс істеу, радиометрлік және акустикалық каротаждар кірді. Далалық геофизиктердің, сарапшылардың, өзге де мамандардың, сол сияқты ірі-ірі мұнай іздеу және кәсіптік-геофизикалық экспедициялардың басшылары қалыптасты, олар Қазақстанның мұнай байлығын ашуға айтарлықтай үлес қосты.

Жоғарыда аталып көрсетілгеніндей, 70-90-шы жылдар жалпы Қазақстан үшін нәтижелі, жаңа ашылулар легі дүниеге келген жылдар болды. Қарқынды іздеу жұмыстары Каспий маңы ойысында, Үстіртте, Бозащыда және Оңтүстік Торғай ойысындағы Арысқұм ойысымында жалғасын тауып жатты. Каспий маңы ойысының солтүстік ернеуі өңірінен қоры жағынан шағын-шағын бірнеше мұнай-газ-конденсатты кенорындар – Тепелев, Токарев, Чинарев, Каменск, Дарьинск т.б. кенорындар – ашылды, бұлар таскөмір кезеңінде ойыстың солтүстік ернеуі қалыптасу дәуірінде пайда болған тектоникалық кертпештермен байланысты жаралған. Бұл нысандар тұзасты палеозойы түзілімдерінен ғаламат ірі Қарашығанақ мұнай-газ-конденсат кенорнының ашылуына ізашар рөлін атқарды, сөйтіп Каспий маңы ойысын зерттеудің алғашқы сатысында жорамалданған ғалымдар болжамы іс жүзінде расталды. Қарашығанақ кенорнының ашылуы жер қойнауын барлаушылар ұжымының еселі еңбегін ақтап берген ірі табыс болды. Маңғыстауда триас түзілімдері өнімді болып шықты, Оңтүстік және Шығыс Жетібайдың бұрқақты мұнай ағымдары осы түзілімдерден алынды. Мұның өзі стратиграфиялық қиманың терең орналасқан деңгейлерін игеру арқылы мұнай өнімін арттыру перспективасын айтарлықтай кеңітті. Сөз болып отырған жылдарда, сол сияқты, Оңтүстік Маңғыстауда Қансу, Қарақұдық, Оңтүстік Аламұрын, Ракушты (Бақалтасты), Бектұрлы, Каспий маңы ойысынан Кенбай, Орысқазған, Қисымбай, Ровное т.с.с. кенорындар ашылды. Бұл кенорындардың қоры аса мол емес, десек те олардың ашылуы Қазақстан мұнай өндіру өнеркәсібінің шикізат базасын айтарлықтай нығайтты. Бұрынырақ атап өткеніміздей, 70-ші жылдардағы ірі ашылулар Бозащы түбегімен байланысты болды, мұнда аз-ақ уақыт аралығында Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас, Жалғызтөбе т.с.с. мұнайлы-газды кенорындар ашылып дайындалды, сөйтіп игеруге берілді. Бозащы кенорындарының өздеріне тән ерекшеліктері олардың өнімді горизонттарының онша терең емес орналасуы және бор мен юра түзілімдерінің Бозащы дөңесіне қарай бірте-бірте жұқара беруі салдарынан туындаған стратиграфиялық тұтқыштарға шоғырлағандығы. Аталған кенорындарындың мұнайы меншікті салмағының ауырлығымен және құрамында ванадийдің кейде 250 мг/т-ға дейін жететін жоғары мөлшерімен сипатталады. Бұл кенорындардың ашылуымен байланысты Маңғыстаудың шикізат базасы айтарлықтай кеңейе және нығая түсті, себебі олар қоры жағынан ірі кенорындарға жатады (әсіресе Қаламқас кенорны).

Каспий маңы ойысында, атап айтқанда оның шығыс ернеуінде тұзүсті мұнай кенорындарын іздеу шаралары тұзасты түзілімдерін зерттеумен алмастырылды, мұның өзі Жаңажол және тұзасты Кенқияқ кенорындарының, ал кейінірек, яки 80-90-шы жылдары, Әлібекмола, Ұрықтау т.б. кенорындардың ашылуына мүмкіндік берді. Тұзасты мұнайының ашылуына байланысты Ақтөбе облысының шикізат ресурстары бірнеше есе артты, сөйтіп жылдық өнім мөлшерін күрт көтеруге алғышарт жасады.

70-ші жылдардың басында Оңтүстік Қазақстанда Шу-Сарысу газды алабы ашылды. Табылған газ кенорындары – Придорожное, Амангелді, Анабай, Үшарал-Кемпіртөбе, Орталық т.б. – табиғи газ қорының шағындығымен ерекшеленеді. Барланған газ кенорындарының айтарлықтай артуын, Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешені салаларының дамуы экономикалық дәуірлеуді қамтамасыз етудің перспективалық міндеттерін шешумен және батыс аймақтардың макроэкономикалық тұрақтылығын қалыпты жағдайда ұстаумен тікелей байланысты екендігін ескере отырып Қазақ КСР Министрлер кабинеті 1991 жылы 11 қазанда «Табиғи газды және газды конденсатты барлаумен, өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысатын «Қазақстангазөнеркәсіп» мемлекеттік газ концерні туралы» деп аталатын №601 қаулы қабылданды. Мемлекеттік концерннің Басқарма төрағасы болып Е.Р.Әзербаев тағайындалды. Концерн табиғи газды өндіру, тасымалдау және сату кәсіпорындарын біріктірді. Сол сияқты, оның құрамына газ және мұнай салалары бағытындағы жобалау, құрылыс, қамтамасыз ету кәсіпорындары да кірді. Кейінірек «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компания мәртебесіне өткен бұл құрылым құрамында оннан астам акционерлік қоғамдар құрылды, олардың ішіндегі ең ірілері «Қарашығанақгазөнеркәсіп» және "Батыстасымалгаз» (Азербаев Е.Р., «Стратегия и социально-экономическая эффективность развития газовой промышленности Казахстана», Орал, 1999 ж.).

Сол жылдары мұнай мен газды іздеу жұмыстарымен Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы алаптар – Арал, Сырдарья, Оңтүстік Торғай т.б. алаптар – қамтыла бастады. Торғай ойысымының оңтүстігінде 1984 жылы ірі газды-мұнайлы Құмкөл кенорны және басқа бірнеше мұнай мен газ кенорындары – Майбұлақ, Оңтүстік Құмкөл, Арысқұм, Қоныс, Оңтүстік және Солтүстік-Батыс Қоныс, Қызылқия, Нұралы, Ащысай, Ақшабұлақ, Бектас т.б. – ашылды. Бұл ауданның перспективасын іске қосуда «Қазгеофизика» бірлестігінің және оның экспедицияларының (Тұрлан, Іле, Алматы, Әуегеологияфизика) бағдарлы түрде жүргізілген өнеркәсіптік геофизикалық жұмыстары үлкен рөл атқарды.

70-ші жылдардың аяғы және 80-ші жылдардың басы тағы бір керемет ашылумен сипатталды, ол Каспий маңы ойысының оңтүстік ернеуінің тұзасты түзілімдермен байланысты, қоры жағынан ғаламат ірі Теңіз кенорнының ашылуы. Теңізде, Қарашығанақта, Жаңажолда, Кенқияқта, Әлібекмолада, Королевте, басқа да кенорындарда тұзасты мұнайының табылуы бүкіл республика бойынша мұнайдың барланған қорларын еселей арттырды.

Геологиялық-барлау саласын қалыптастыру кезеңі
Саланы түбегейлі түрде реформалау сатысы 1985 жылы басталды, ол бүгін де жалғасуда.

Орталықтан басқарылатын басы артық құрылымдарды қысқарту мақсатында 1986 жылы Қазақ КСР-ның Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі таратылды. Оның орнына Орал қаласында «Прикаспийгеология» аймақтық бас басқарма (Т.Ақышев, Г.Семенычев, Э.Воцалевский) және Алматы қаласында «Қазгеология» Бас Үйлестіруші геологиялық басқарма (Е.Селифонов, Е.Овчинников, Х.Өзбекқалиев) құрылды, бұлар КСРО Геология министрлігіне тікелей бағынды. «Прикаспийгеология» басқармасының құрамына «Оралмұнайгазгеология», «Ақтөбемұнайгазгеология», «Гурьевмұнайгазгеология», «Қазгеофизика» сияқты қазақстандық геологиялық барлау және геофизикалық бірлестіктермен қатар «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы, сол сияқты Каспий маңы ойысының Қазақстанға жапсарлас өңірлерінде және Қалмақ автономиялық республикасының, Астрахань, Волгоград, Саратов және Пенза облыстарының көршілес аудандарында мұнай мен газға деген іздеу-барлау және геофизикалық жұмытарымен айналысатын Ресей Федерациясының геологиялық барлау және геофизикалық мекемелері де кірді.

Торғай бассейнінде мұнай және газды іздестіру-барлау жұмыстарымен «Қазгеология» ГКГУ айналысты.

Жоғарыда көрсетілген екі басқарма 1991 жылдың орта шенінде республикамызда қайтадан Геология және жер қойнауын қорғау Комитеті құрылғанша жұмыс істеді, ал бұл Комитет кейінірек қайтадан Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне айналды. Бұл геологиялық құрылым кейін де бірнеше рет құрылымдық өзгерістерге ұшырады, оның ізі қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жанындағы Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті түрінде сақталған. Саланы реформалау сатысында бүкіл өндірістік бірлестіктер әуелі холдингтерге, сосын акционерлік қоғамдарға (АҚ), бірлескен кәсіпорындарға (БК) және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге (ЖШС) айналды.

Геологиялық барлау жұмыстарын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды, ал жер қойнауын пайдалану Қазақстан Республикасының жаңа заңдарына сәйкес келісім-шарттар негізінде жүргізілетін болды. Мұнай мен газға деген геологиялық барлау бағытындағы ең ірі жобалар халықаралық консорциумдар мен интеграцияланған мекемелер тарапынан жүзеге асырылуда.

Геологиялық барлау жұмыстарының қалыптасқан жүйесі қазіргі кезде де жұмыс істейді.

Тәуелсіз Қазақстанның мұнайы
Өткен ғасырдың 90 жж. басында мемлекеттің мұнай мен газ қорының көлемін көбейтуге тек Каспий теңізінің айдынын игеру арқасында ғана қол жеткізуге болатындығы белгілі болды. Қеңес одағы кезінде бұл аймақ теңіз геофизикалық зерттеулермен екі мәрте жабылған болатын. Теңіз деңгейінің түсу салдарынан теңіз суларынан босатылған жерлерде де барлау және геофизикалық жұмыстар жүргізілді. Теңіздің басым бөлігінде жердегі геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Осы зерттеулердің нәтижелерін кешенді талдау арқылы қазіргі таңдағы Қашаған, Центральная, Құрманғазы, Оңтүстік Жамбай топтары құрылымының сұлбасына сәйкес ірі құрылымдар белгіленді. Алғаш рет олар П2 үстіртінде ХХ ғасырдың 80 жж. соңында «Қазгеофизика» құрастырған Каспий маңы құрылымдық картасында орын тапқан. 1993 жылы бұл карталар француз CGG компаниясымен бірге Атлас түрінде шығарылған. Атласқа түсініктеме хатында бұл құрылымдардың жарқын келешегі болжанған. Атлас сол кездегі ҚР Геология министрлігімен мақұлданған, содан кейін ол көбейтіліп, шетелдік мұнай компанияларына, сонымен бірге Қазақстанда жұмыс істеуді көздеген «Қазақстанкаспийшельф» ЖАҚ берілген.

1988-1989 жж. бұл материалдар КСРО Бас жоспарында қарастырылып бүкіл аудан КСРО-ның стратегиялық резерв аймағына енгізілген болатын. 1992 ж. желтоқсанда Қазақстан өзінің Каспийдегі барлау жұмыстарын жүргізетіні туралы бүкіл әлемге хабарлады. Сол жылдың екінші жартысында қазақстандық мамандар тобымен «Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы» құрылған. 1993 жылы 13 ақпандағы ҚР Үкіметі №97 Қаулысымен Каспий акваториясындағы мұнай-газ кен орындарын геологиялық-геофизикалық игеруді жүзеге асыратын «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясы құрылды.

1993 жылы 3 желтоқсанда ҚР Үкіметі SHELL (Голландия), STATOIL (Норвегия), MOBIL (АҚШ), BP (Англия), TOTAL(Франция), AGIP (Италия) шетел компанияларымен «Қазақстанкаспийшельф» халықаралық консорциумын құру туралы келісім-шартқа қол қойды, консорциум директоры болып Ж.Н.Марабаев тағайындалды. 1994-1996 жж. 100 мың шаршы км-ден астам ауданында сейсмикалық, экологиялық, инфрақұрылымдық және т.б. зерттеулер жүргізілді. Сейсмикалық жұмыстармен Каспий теңізінің қазақстандық секторының аймақтық құрылымы зерттелді, көптеген жергілікті (локальді) қақпалар анықталды, соның ішінде Қашаған, Құрманғазы, Қаламқас-теңіз және т.б., оладың бір бөлігі іздестіре бұрғылауды ыңғайлау үшін бөлшектелген.

1997 жылы Қазақстан Үкіметі ОКИОК консорциумымен бірге Өнімді бөлісу туралы келісімге (ӨБК) қол қойды, 1999 жылы іздестіре бұрғылау басталды.

2000 жылдың шілдесінде Консорциум Шығыс Қашағанда №1 ұңғымада мұнайдың ашылуы туралы хабарлады. Дәл сол кезде, сол ұңғыманың мұнайы құйылған капсуласын қолында ұстап тұрып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген еді: «Бүгін қазақ халқы үшін - қуанышты күн. Қашағанда мұнайдың ашылуы – қазақ халқының, оның мемлекетінің тәуелсіздігі мен бақытты болашағына үлкен демеу. Қазақстандықтардың үлкен үміті ақталды».

Шығыс Қашағаннан кейін Батыс Қашаған, Қаламқас-теңіз, Қайран, Ақтоты және Оңтүстік-Батыс Қашаған, ал Ресейлік секторда Широтное және Хвалынское кен орындары ашылды. Қашаған кен орнының ашылуы республиканың мұнай қорын 35%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Алғашқы мұнайын Қашаған 2008 жылы беру керек. Қазір Қашаған және Каспийдің басқа кен орындарында дайындық және барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


беттегі соңғы өзгерту: 01.11.11
 
 
© «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, 2010
Байланыстыратын ақпарат
Сайтты жасау — «Ижанов и Партнёры»
Cайтты қолдау — «Интернет Решения»