«Үздік маман – 2018» кәсіби конкурс

Құрметті қатысушылар! Қымбатты әріптестер!

Бүгін біз дәстүрге айналған «Үздік маман» кәсіби шеберлік конкурсын бастаймыз.

«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы арасында үздік мамандарды таңдау - жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан әдемі үрдістің бірі. Шеберлік конкурсы жұмысшылардың беделін көтеріп, олардың арасынан жүзден жүйрік нағыз мамандарды іріктейді.

Шынымен де жұмысшы мамандардың арасынан «Үздік маман» атану үлкен мәртебе деп есептеймін. Жалпы «Үздік маман» сайысының жеңімпаздарына Компания басшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарлануда. «ҚазМұнайГаз» үшін қызметкерлер мен олардың шеберлік таланты табысты бизнестің басты көрсеткіші болып саналады. Компания әрқашан өз қызметкерлерін неғұрлым маңызды ресурс ретінде қарастырады. Сондықтан әрқашанда олардың тұрмысы мен еңбек жағдайларын жақсарту саясатын жүргізіп келеді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау еңбеккерлердің кәсіби біліктіліктерін шыңдауға көмектеседі. Мамандыққа қатысты түрлі құпияларды біліп, өзара тәжірибе алмасу арқылы жас кәсіби мамандар өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етеді, біліктіліктерін жетілдіреді, өз кәсіпорындарының ұжымдарына жаңа идеялар мен ұсыныстар енгізеді.

«Үздік маман» конкурсы әр қызметкердің өзінің жұмысына деген жауапкершілігін арттырады. Әрбір жұмыс орнында өндіріс тиімділігін арттыруға себепші болып, бүгінгі күні ұлттық компаниямен қолға алынып отырған істеріне үлкен үлес қосатынына сенімдімін.

Кәсіптік шеберлік конкурсы биыл үшінші рет «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы деңгейінде өткізіліп жатыр. Осы конкурстың бірінші сатысында мұнайгаз саласындағы 26 еншілес компаниялардан 20 мамандық түрлері бойынша қатысушылар күш сынасты. Конкурстың біріншіі сатысында 130 қызметкер іріктелді. Шешуші жарыс Ақтау және Павлодар қалаларындағы ҚМГ еншілес кәсіпорындарының өндірістік алаңдарында өтеді.

Әділ қазылар алқасы алдында кәсіби біліктілігін көрсетіп, практикалық тапсырманы мүлтіксіз орындап алға шыққан үздік маман иелерін таңдау міндеті тұр. Мыңнан тұлпар болып алға озып шығу оңай емес! Бірақ бұл жарыстағы ең басты жеңіс қызметкерлердің білім деңгейін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдау деп есептеймін.

«Үздік маман» байқауында сіздерге табыс пен сәттілік берсін. Жеңіске жетулеріңізге тілектеспін!

Сауат Мыңбаев

Басқарма төрағасы

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ

Шеберлікті шыңдау сайысы өз мәресіне жетті
28.09.2018

Шеберлікті шыңдау сайысы өз мәресіне жетті

Қыркүйектің 24-28 күндері Маңғыстау облысы мен Павлодар қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-­ның өндірістік нысандарында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2018» кәсіби шеберлік байқауының ақтық кезеңі өтті.

Үздік көлікшілер сайысы
25.09.2018

Үздік көлікшілер сайысы

«Ойл Транспорт Корпорейшн» сервистік мекеменің өндіріс алаңында жүргізуші, автомобиль краны машинисі және жылжымалы бу қондырғы жүргізушілерінің сайысы өтіп жатыр. ОТК ЖШС директорының әлеуметтік саясат және адам ресурстарын басқару жөніндегі орынбасары Нұрлан Құрмашев сайыс барысы туралы айтып өтті:
«Қыркүйектің 24  күні мамандық теориясының білімі бойынша, 25 күні практикалық дағдыларды меңгеру бойынша конкурс өтті. Барлығы 23 қатысушы болды, олар Маңғыстау облысы, Атырау, Шымкентте орналасқан 8 компаниядан келді. Қатысушылардан басқа, әділқазылар құрамында 18 маман жұмыс істеді, конкурстық комиссияның мүшелері болды. Алдымен кіріспе нұсқаулық, медициналық бақылау, жеребе өткізілді. Практикалық тапсырмалар екі сағаттан артық уақытқа созылды, олар «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-не тиесілі Ақтау қаласындағы Маңғыстау технологиялық көлік басқармасының аумағында ұйымдастырылды. Барлығы төрт алаң дайындалды, олардың әрқайсында конкурстық шараларға арналған техника орналастырылды. Арнайы киім, арнайы жабдық берілді, жұмыскерлер тек нұсқаулықтан өткен соң ғана жіберіліп отырды. Меніңше, байқау сәтті, ойдағыдай өтті. Оның нәтижелері туралы кейінірек хабарлаймыз». 

Кәсібіңді шыңдау сайыста жетіледі
25.09.2018

Кәсібіңді шыңдау сайыста жетіледі

Бүгін «Ойл Транспорт Корпорейшн» сервистік компанияның өнеркәсіптік алаңында ҚМГ машинистерінің байқауы өтіп жатыр. Осы шараның барысы туралы ҚМГ орталық конкурстық комиссияның мүшесі Серік Құсаев баяндап берді: «Қазір ОТК аумағында ЦА-320 цементтеу агрегаттарының машинист-мотористерінің сайысы өтіп жатыр. Барлығы бес жұп өзара бақ таластыруда. Бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Барша қатысушылар үлкен ынта-жігер көрсетуде. Біз, комиссия мүшелері, нормалар мен талаптардың орындалуын мұқият қадағалап отырмыз. Ең үздік маман жеңіске жетсін!».

Сондай-ақ, мұнда жылжымалы бу қондырғылары жүргізушілерінің де сайысы өтуде. Қатысушыларға сәттілік тілейміз!  

«ҚазТрансОйл» АҚ оқу-өндірістік комбинатындағы сайыстар
25.09.2018

«ҚазТрансОйл» АҚ оқу-өндірістік комбинатындағы сайыстар

«ҚазТрансОйл» АҚ оқу-өндірістік комбинаты «Үздік маман» конкурсының ең маңызды өндірістік алаңдардың біріне айналды. Мұнда үш мамандық бойынша бақ таластырып жатыр – бақылау-өлшеу құралдары және автоматика слесарі, жабдықты жөндеу электромонтері, электрогазпісіруші. Осы шараларға ең тәжірибелі, өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген жұмыскерлер қатысуда. Олар өз компанияларында ұйымдастырылған іріктеудің ең қиын кезеңдерінен өткен жеңімпаздар. Енді финалда үздік атану үшін таласады. Әділқазылар алқасы сайыс шарттарының орындауын қатаң бақылап, деректерді салыстырып және құжаттарды тексеріп отыр. Қатысушыларға гаджет пайдалануға тыйым салынғанын атап өткен жөн.     

«Үздік маман»
25.09.2018

«Үздік маман»

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнында мұнай және газ өндіру операторы, қабат қысымын қолдау операторы, скважиналарды зерттеу операторы, технологиялық жабдықты жөндеу және оған қызмет көрсету операторы, токарь сияқты 5 мамандық бойынша шеберлік байқауы өтуде. 

Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, Қаражанбасмұнай, Қазақойл Ақтөбе, Қазақтурікмұнай, Ойл Сервис Компани, Қазмұнайтеңіз, Интергаз Орталық Азия, Азия газ құбыры, Қазгермұнай, Тулпар мұнай сервис (слесарь) компанияларының, Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасының жұмысшылары өзара сынға түсуде.