ҚМГ жаңалықтары

07.06.2019

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы шоғырландырылған өндірістік және қаржылық нәтижелері

Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның жетекші тікелей-интеграцияланған мұнай-газ компаниясы, ХҚЕС-ке (Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына) сәйкес 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық және операциялық нәтижелерін жариялайды.

 

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы өндірістік көрсеткіштер[1]:

  • Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 1,3%-ға 5 939 мың тоннаға дейін (тәулігіне 495 мың баррель[2] ) өсті;
  • Табиғи және ілеспе газды өндіру өткен жылдың осындай кезеңдегіден 4,7%-ға ұлғайып, 2 173 млн м3 құрады;
  • Мұнай тасымалдау көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға ұлғайып, 19 660 мың тонна болды;
  • Газ тасымалдау көлемі 2018 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 3,6%-ға азайып, 25,9 млрд м3 құрады;
  • Көмірсутек шикізатын қайта өңдеу көлемі 1,1%-ға артып, 4 901 мың тонна болды. Осы көрсеткіш қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарындағы 3 306 мың тонна мөлшеріндегі және Румыниядағы KMG International («KMG I») зауыттарындағы 1 595 мың тонна мөлшеріндегі көлемді қамтиды. Мұнай өнімдері өндірісінің жалпы көлемі есептік кезең ішінде 0,9%-ға артып, 4 597 мың тонна болды;
  • Жеке өндірілген мұнай мен конденсат сату көлемі өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 1,8 %-ға өсіп, 5 922 мың тоннаны құрады.

 

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық көрсеткіштер [3]:

  • 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы түсім 20,5%-ға өсіп, 1 765 млрд теңгені (4 673 млн АҚШ доллары) құрады;
  • 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы таза пайда 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 51,4%-ға, 309 млрд теңгеге дейін (819 млн АҚШ доллары) өсті;
  • Күрделі шығындар есептік кезең ішінде 73 млрд теңгені (194 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 10,4%-ға төмен;
  • EBITDA[4] көрсеткіші 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 27,1%-ға өсті және 517 млрд теңгені (1 370 млн АҚШ доллары) құрады;
  • Компанияның таза қарызы 2019 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша 2 356 млрд теңгені (6 200 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2018 жылдың 31 желтоқсанындағы көрсеткіштен 9,9%-ға жоғары.

 

Басты корпоративтік оқиғалар:

  • 2019 жылдың 22 ақпанында ҚМГ БӨ өзінің артықшылықты акцияларын кері сатып алу бағдарламасын аяқтады. Осылайша, ҚМГ 1 905 209 артықшылықты акцияның 1 239 087 данасын (немесе 65,0%) жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге сатып алды. 2019 жылдың 14 мамырынан бастап ҚМГ БӨ артықшылықты акциялары KASE-ден шығарылды;
  • 2019 жылдың ақпанында «KMG Retail» ЖШС-ін 60 512 мл теңгеге сату жөніндегі мәміле аяқталды;
  • 2019 жылдың наурыз айында Fitch халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингісін «ВВВ-/Болжам тұрақты» деңгейінде растап, жекелеген рейтингісі (stand-alone credit profile) «b»-ден «bb-»-қа дейін жоғарылағанын атап көрсетті;
  • 2019 жылдың 29 наурызында ҚМГ 2022, 2023, 2027 және 2047 жылдары өтелуге тиіс (2018 жылға дейін шығарылған Еурооблигациялар) Еурооблигациялардың ұстаушыларынан (1) ковенанттық пакетті 2018 жылғы Еурооблигациялар шығарылымның талаптарымен теңестіруге және (2) 2044 жылы өтелуге тиіс Еурооблигацияларды 30,1 млн АҚШ доллары сомасына мерзімнен бұрын өтеуге келісім алды;
  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында жалпы сомасы шамамен 21 млрд теңгеге әлеуметтік нысандардың (7 000 орындық стадион және конгресс-холл) құрылысын қаржыландыру мақұлданды;
  • 2019 жылдың 29 сәуірінде Луис Мария Виана Палья Да Сильва ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры болып сайланды;
  • 2019 жылдың 20 мамырында Энтони Эспина ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі болып сайланды.

 

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы өндірістік нәтижелер

 

Көмірсутек шикізатын өндіру

2019 жылдың бірінші тоқсанында ҚМГ мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 5 939 мың тонна болды, бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 1,3%-ға жоғары. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 4,7%-ға 2 173 млн м³ өсті.

2019 жылдың бірінші тоқсанында Қашаған кен орнында («Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» операторы) мұнай өндіру 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 25%-ға өсіп, 3 583 мың тоннаны немесе тәулігіне 316 мың баррельді құрады. Өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 297 мың тонна мұнайды және 182 млн м³ газды құрады, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштерден сәйкесінше 25% және 31,7%-ға жоғары. Мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы кен орынды тәжіриберлік-өнеркәсіптік игеру шеңберінде өндіру деңгейін жоспарлы түрде өсірумен байланысты. 2019 жылдың 14 сәуір мен 19 мамыр аралығында Қашаған кен орны жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылды.   

Қарашығанақ  кен орнында мұнай өндіру көлемі 4,9%-ға азайып, ҚМГ үлесіне 271 мың тоннаны құрады. Газ өндіру 271 млн м³ құрады, бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткішіне баламалы.  Мұнай және конденсат өндіру көлемінің азаюы газ факторының ұлғаюына және ұңғымалардың сулануына байланысты болды.

Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 1 521 тоннаны құрап, 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 2,4%-ға жоғары болды. Газ өндіру  1,7%-ға артып, 829 млн м³ құрады. Өндірудің ұлғаюы өндірістік жоспарға сәйкес жүзеге асырылды.

Операциялық активтердің өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 0,1%-ға төмендеп,3 851 тоннаны құрады. Операциялық активтерде өндіру көлемдерінің азаюы негізінен өндіру деңгейінің табиғи жолмен төмендеуіне байланысты.

2019 жылдың 16 ақпанында Каспий теңізінің Әзірбайжан секторында бұрғылау жобаларына қатысу үшін жалпы сомасы 21,6 млрд теңге немесе 57 млн АҚШ долларына өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақұлданды. ҚМг ҰК және SOCAR өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын (ӨКҚБҚ) сенімді басқару шартына қол қойды.

2019 жылдың 1 сәуірінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, ҚМГ және «ЛУКОЙЛ Қазақстан Апстрим» ЖШС Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан «Жеңіс» учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіруге шарт жасасты. Жобаның операторы «Жеңіс Оперейтинг» ЖШС (ҚМГ- 50% және ЛУКОЙЛдың – 50% бірлескен кәсіпорны). 

 

Көмірсутек шикізатын сату

ҚМГ-ның өндірілген жеке мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 2019 жылдың бірінші тоқсанында 5 922 мың тоннаны (4 322 мың тонна көлеміндегі экспорттық сатылымдарды қоса алғанда) құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 1,8%-ға жоғары болды.

2019 жылдың бірінші тоқсанында өндірілген жеке мұнайды ішкі нарыққа жеткізу 1 600 мың тоннаны (кейіннен мұнай өнімдерін сату үшін МӨЗ-дерге 714 мың тонна көлеміндегі шикі мұнайды жеткізуді қоса алғанда) құрап, 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 0,7% мөлшеріндегі мардымсыз азаюды көрсетті.  

 

Мұнай мен газды тасымалдау

2019 жылдың бірінші тоқсанында ҚМГ мұнай тасымалдау көлемі өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 6,7%-ға ұлғайып, 19 660 мың тоннаны құрады (ҚМГ үлесін есептегенде)[5].

Мұнай тасымалдау көлемінің негізгі өсімі «Қазақкөліктеңізфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚКТФ) жүзеге асыратын теңізбен тасымалдау көрсеткіштерінің артуына тиесілі. 2019 жылдың бірінші тоқсанында ҚКТФ тасымалдау көлемі 2 856 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңінен 66,7%-ға жоғары. Жерорта және Қара теңіздерде мұнай тасымалдау көлемдерінің артуына, сондай-ақ ҚКТФ, ҚМГ және KMG I арасында 2018 жылдың соңында жеткізу және тасымалдау туралы жасалған келісімнің арқасында бұл көрсеткіш ұлғайды.

Мұнайды магистральмен тасымалдау көлемінің өсуін «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) көрсете білді, бұған Қашаған кен орнынан мұнай көлемінің артуы себеп болды. 2019 жылдың бірінші тоқсанында КҚК мұнайды магистральмен тасымалдау көлеміндегі ҚМГ үлесі 3 357 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен 8,2%-ға жоғары.

Есепті кезең ішінде ҚМГ магистралды құбырларымен газ тасымалдау көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға төмендеп, 25,9 млрд м³ құрады. Магистралды құбырлармен газ тасымалдау көлемінің азаюы негізінен өзбек газы жеткізу мөлшерінің азаюына және «Газпром» компаниясының ресей газының ағынын қайта үлестіруіне байланысты болды.  «Газпром» транзиттік көлемдерінің көлемдерінің азаюы уақытша сипатқа ие, осы жылдың қысында Ресей өңірлерінде қатты суық болды, соның салдарынан Ресей ішкі нарығында жоғарылағын сұранысты өтеу үшін ресей газының ағындары қайта үлестірілді. 

Экспорт бағытына қарай газ тасымалдау көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға ұлғайып, 6,5 млрд м3 құрады. Бұл өсу 2018 жылдың соңында қол қойылған 5 жылға арналған экспорт шартына сәйкес ҚХР бағытына газды тасымалдау көлемінің артуына байланысты болды. Аталған шарт қазақстандық газды Қытайға экспорттау көлемін жылына 5 млрд текше метрден 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды көздейді.

2019 жылдың 16 сәуірінде Актау теңіз портында Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша фидерлік желі іске қосылып, контейнерлер тиелген алғашқы қазақстандық «Түркістан» фидерлік кемесі Баку портына аттанды. Осы бағыттың теңіз операторы ҚКТФ болып табылады.  

 

Өңдеу

2019 жылдың бірінші тоқсанында өңделген көмірсутек шикізатының көлемі 4 901 мың тонна болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 1,1% көп. 

2019 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша міндеттемелерін ұлғайту нәтижесінде 2% - ға ұлғайып, 3 306 мың тоннаны құрады:

  • Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) 1 263 мың тонна, 1,1%-ға азайды;
  • Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) 1 381 мың тонна, 5,1%-ға өсті;
  • Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ПКОП) 622 мың тонна (ҚМГ үлесі 50%), 4,0%-ға ұлғайды;
  • Caspi Bitum 41 мың тонна (ҚМГ үлесі 50%), 27,0%-ға азайды.

 

KMGI зауыттарында өңдеу 1 595 мың тонна болды, 2018 жылғы 1-тоқсандағы көрсеткіштен 0,5%-ға төмен:

  • Петромидия (Румыния) зауытында 1 516 мың тонна, 0,7%-ға азайды;
  • Вега (Румыния) зауытында 49 мың тонна, 3,0%-ға өсті.

 

2019 жылдың бірінші тоқсанында 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қазақстандық МӨЗ-де орташа өңдеу тереңдігінің АМӨЗ-де 67%-дан 73%-ға дейін, ПМХЗ-да 81%-дан 83%-ға дейін, ПҚОП[6]-та 74%-дан 77%-ға дейін  ұлғаюы байқалуда.

2019 жылғы бірінші тоқсанда мұнай өнімдері өндірісінің көлемі 0,9%-ға өсіп, 4 597 мың тоннаны құрады.  

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өнімдері өндірісінің көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өңдеу көлемін ұлғайту есебінен 3 038 мың тоннаға, 1,7% өсті:

  • 745 мың тонна бензин, 7,0%-ға өсті;
  • 954 мың тонна дизель отыны, 10,1%-ға өсті;
  • 128 мың тонна авиа отын, 234,7%-ға ұлғайды;
  • 1 212 мың тонна басқа да мұнай өнімдері, 12,6%-ға азайды.

KMGI зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 1 559 мың тоннаны құрады, бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен өңдеу көлемінің тиісті азаю есебінен 0,6%-ға төмен:

  • 402 мың тонна бензин, 7,9%-ға азайды;
  • 689 мың тонна дизель отыны, 0,2%-ға азайды;
  • 93 мың тонна авиаотын, 38,9%-ға ұлғайды;
  • 375 мың тонна басқа да мұнай өнімдері, 0,3%-ға өсті.

 

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелер

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы түсім 1 765 млрд. теңгені (4 673 млн АҚШ долл.) құрады), бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 20,5%-ға жоғары. Түсімнің ұлғаюы негізінен KMGI мұнай трейдингі көлемінің ұлғаюына, АҚШ долларына қатысты теңгенің әлсіреуіне, сондай-ақ газды экспортқа сату көлемінің өсуіне байланысты. 2019 жылдың бірінші тоқсанында мұнай сатудан түскен KMGI түсімі 422 млрд теңгені (1 118 млн. АҚШ) құрады. Теңізшевройл (ТШО) [7] мұнай мен сұйытылған газды ұзақ мерзімді жеткізу шарты бойынша түсім 405 млрд. теңгеге(1 073 млн. АҚШ) ұлғайды. 2019 жылдың бірінші тоқсаны ішінде ҚМГ ТШО мұнайын аванстау шеңберінде 247 млн. АҚШ.доллары сомасына  жоспарланған міндеттемелерді орындаудың түзетілген кестесінің үстінен 160 млн. АҚШ долл. сомасына міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындады.

Қытайға қазақстандық газды экспорттық сату 117% - ға 179 млрд теңгеге (474 млн. АҚШ доллары) ұлғайды.

 

Есепті кезеңде сатудың өзіндік құны 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 20%-ға ұлғайып, 1 351 млрд. теңгені (3 577 млн. АҚШ долл.) құрады. Ұлғаю негізінен сатып алынатын мұнай көлемінің өсуіне және теңгенің АҚШ долларына шаққанда әлсіреуіне байланысты. KMG I-дің мұнай сатып алуға кеткен шығындарының сомасы 160 млрд. теңгеге (423 млн. АҚШ долл.) артты. ТШО-ның мұнай мен сұйытылған газды жеткізуге арналған ұзақ мерзімді шартының аясында мұнай сатып алу шығындары 405 млрд.теңгені (1 073 млн. АҚШ долл.) құрады.

2019 жылдың бірінші тоқсанындағы ҚМГ операциялық табысы 185 млрд. теңгені (489 млн. АҚШ долл.) құрады, бұл ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары.

2019 жылдың бірінші тоқсанында қауымдасқан компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардың таза пайдасындағы ҚМГ үлесі 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 219 млрд. теңгені (580 млн. АҚШ долл.) құрады. Өсудің негізгі факторы ҚМГ «Азиялық газ құбыры» ЖШС пайдасындағы үлесі болып табылады, ол есепті кезеңде 31 млрд. теңгені (82 млн. АҚШ долл.) құрады.

Компанияның есепті кезеңдегі таза табысы 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 51,4%-ға өсіп, 309 млрд теңгені (818 млн. АҚШ долл.) құрады.

Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша төлемдер 371 млрд. теңгені (983 млн. АҚШ долл.) құрады, бұл өткен жылдың есепті кезеңінен 28%-ға жоғары.

Күрделі шығындар 73 млрд. теңгені (194 млн. АҚШ долл.) құрады, бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 10,4%-ға төмен.

ҚТГ (ҚТГ мен PetroChina International Company Limited арасында қол қойылған экспорттық шартқа сәйкес) және ҚМГ сауда дебиторлық берешегінің ұлғаюы, сондай-ақ айналым капиталының мұқтаждарына ақша қаражатын пайдалану нәтижесінде теріс түзетілген бос ақша ағыны 66 млрд. теңгені (175 млн. АҚШ долл.) құрады.

2019 жылғы 31 наурыздағы жалпы борыш 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға төмендеп, 4 060 млрд. теңгені (10 682 млн АҚШ долл.) құрады.

2019 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша ақша қаражаты және оның баламалары, оның ішінде депозиттер түріндегі ақша қаражаты 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 14,3%-ға төмендеп, 1 703 млрд. теңгені (4 482 млн. АҚШ долл.) құрады. Ақша қаражаты мен олардың баламаларының төмендеуі ТШО-ның мұнайын авансалау шеңберінде міндеттемелердің орындалуына негізделген.

ТШО мұнайын авансалау шеңберінде міндеттемелерді орындау нәтижесінде ҚМГ-нің таза борышы 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішке қатысты 8,7%-ға ұлғайып,
2 356 млрд. теңгені (6 200 млн.АҚШ долл.) құрады.

Есепті күннен кейін, 2019 жылдың сәуірінде ҚМГ Еурооблигациялар ұстаушыларға
ковенантты пакетті біріздендіруге келісім бергені үшін шамамен 62 млн. АҚШ долл. төледі, оның 31 млн. АҚШ долл. 2044 жылы өтеуге жататын Еурооблигациялардың мерзімінен бұрын өтелгенін білдіреді.

[1] Операциялық көрсеткіштер ҚМГ-ның тиісті активтердегі үлестері есептеліп көрсетілген.

[2] Әрбір өндіруші активтің баррельдеудің орташа есептелген коэффициенттері қарастырылған кезде.  

[3] Қолайлы болу үшін сомалар тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы бойынша АҚШ долларында көрсетілген (2019 ж. бірінші тоқсанында және 2018 ж. бірінші тоқсанында орташа бағамдар сәйкесінше 377,73 және 323,22 теңге/АҚШ долларын құрады; кезең соңындағы бағамдар – 2019 ж. 31 наурызда және 2018 ж. 31 желтоқсанда сәйкесінше 380,04 және 384,20 теңге/АҚШ долларын құрады).

[4] Earnings before interest, taxes, depreciation and amortization (EBITDA) - пайыздарды, салықтарды төлеу шығындары және тозу мен есептелген амортизация бойынша шығындар шегерілгенге дейінгі түсім көлеміне тең келетін көрсеткіш.

[5] Мұнайды тасымалдау көлемі ҚМГ операциялық үлесін ескере отырып, әр жеке құбыр компаниясының тасымалдау көлемін есепке алады. Мұнай көлемінің бір бөлігін екі не үш құбыр компаниясы тасымалдауы мүмкін және осы көлемдер мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемінде бір реттен көп есепке алынады.

[6] 2019 жылдан бастап қазақстандық МӨЗ-де мұнай өңдеу тереңдігін есептедің жаңа әдіснамасы қолданылады. 2018 жылдың бірінші тоқсаны үшін көрсеткіштер 2019 жылдың көрсеткіштерімен салыстыру үшін жаңа әдіснамаға сәйкес қайтадан есептелді  .

[7]. 2018 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ҚМГ KMGI-ді тоқтатылған қызмет ретінде тануын тоқтатты, өйткені тараптар KMGI-дегі қатысу үлесінің 51%-ын сатып алу-сату шартының талаптары болып табылатын мәмілені жабу жөніндегі рәсімдерді аяқтамады және тиісінше мәміле автоматты түрде тоқтатылды. Тиісінше, KMGI активтері мен міндеттемелері тоқтатылған қызметтен жалғасып жатқан қызметке ауыстырылды. Өткен кезеңдегі салыстырмалы көрсеткіштер де ХҚЕС талаптарына сәйкес қайта есептелді.

2016 жылы Компания ТШО шикі мұнай мен сұйытылған газын жеткізуге ұзақ мерзімді шарт жасасты. Шарттың талаптарына сәйкес Компания шарт жасалған сәттен бастап 2021 жылдың наурызын қоса алғанға дейін шамамен 38 миллион тонна және тиісінше  1 миллион тонна мұнай мен сұйытылған газдың ең төменгі көлемін жеткізеді. 

Толық ақпаратты мына сілтеме бойынша оқи аласыздар: http://ir.kmg.kz/